Accessibility links

Шенеуніктің Таукинаға қарсы шағымы бойынша сот шешімі күшіне енді


Розлана Таукина, журналист әрі құқық қорғаушы. Алматы, 19 қазан 2017 жыл.
Розлана Таукина, журналист әрі құқық қорғаушы. Алматы, 19 қазан 2017 жыл.

Алматының Бостандық аудандық сотының судьясы Аида Әбілмәжінованың 19 қазанда Алмалы ауданы әкімінің орынбасары Ермек Бейсеуовтің журналист әрі құқық қорғаушы Розлана Таукинаға қарсы шағымы бойынша шығарған шешімі күшіне енді. Бұл туралы Азаттыққа дүйсенбіде Таукинаның өзі судья Әбілмәжінованың хатшысына сілтеме жасап хабарлады.

Сот шешімінде "Ермек Бейсеуовтің талап-арызын қанағаттандырудан бас тартылсын. Ермек Бейсеуовтен маман қызметіне төленген 12 мың теңге көлемінде қаржы өндіріп алынсын. Судья шешіміне Бостандық аудандық соты арқылы Алматы қалалық сотына бір ай ішінде шағымдануға немесе қарсылық білдіруге болады" делінген. Яғни, егер бір ай ішінде шешімге жауапкер тарап шағымданбаса немесе шағымданушы қарсылық танытпаса онда ол күшіне енеді. Бірақ сотқа қатысушы тараптар жазбаша сот шешіміне 19 қазанда емес, 30 қазанда бір ақ қол жеткізгендіктен, судья шешімі 30 қарашадан кейін ғана, ешқандай шағым немесе қарсылық танытылмағандықтан заңды күшіне енген.

Ермек Бейсеуовтің Розлана Таукинаға қарсы екінші рет берген шағымы осылайша екінші ретінде де Таукинаның пайдасына шешілді. Дегенмен, сотта Розлана Таукинаның құқығын қорғаған Маржан Аспандиярова заңда "орынды себептері" болған жағдайда сот шешіміне апелляциялық шағым түсіру мерзімін қалпына келтіруге болатын бірқатар "айлалы" жол барын айтады.

Ермек Бейсеуов өзінің "абыройы мен қадыр-қасиеті және іскерлік беделін қорғау туралы" шағымында соттан 2016 жылы 20 қыркүйекте Rezonans.kz сайтында жарияланған "Дом с химерами" деген тақырыптағы мақалада келтірілген мәліметтерді шындыққа сәйкес келмейді деп тануды сұраған. Шенеунік сонымен қатар жауапкер Таукинаны өзінің "абыройы мен қадыр-қасиеті және іскерлік беделін қаралайтын" мәліметті терістеуге міндеттеуді талап еткен.

10 тамызда Алматының апелляциялық соты Бостандық аудандық сотының 9 маусымда Бейсеуовтің Таукинаға шағымын қарамау туралы ұйғарымын жойып, істі алғашқы инстанцияның қайта қарауына жолдаған.

Қазан айында сот Бейсеуовтің шағымын қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім шығарған.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG