Accessibility links

Прокурор Улюкаевті 10 жылға соттауды сұрады


Алексей Улюкаев, Ресейдің бұрынғы экономикалық даму министрі. Мәскеу, 27 қараша 2017 жыл.
Алексей Улюкаев, Ресейдің бұрынғы экономикалық даму министрі. Мәскеу, 27 қараша 2017 жыл.

Айыптаушы прокурор Ресейдің бұрынғы экономикалық даму министрі Алексей Улюкаевке 10 жылға бас бостандығынан айыруды және жазасын қатаң режимдегі колонияда өтеу үкімін кесуді сұрады. ТАСС агенттігінің хабарлауынша, прокуратура Улюкаевтің "Роснефть" компаниясының басшысы Игорь Сечиннен екі миллион доллар пара бопсалады деген айып бойынша кінәсі толық дәлелденді деп біледі.

Прокурор Борис Непорожный сотталушының "кінәлі екеніне" дәлел ретінде "Роснефть" компаниясы қауіпсіздік қызметінің бұрынғы басшысы, Федералдық қауіпсіздік қызметінің бұрынғы қызметкері генерал Олег Феоктистовтің айтқан жауабын келтірді. Айыптаушы сонымен қатар Улюкаевтің "кінәлі екенін" оның жүргізушісі де растағанын айтады. Бұған қоса прокурор "ақша толы сөмкені" таразыға салып өлшеген сараптаманы да келтірді.

Улюкаевтің ісін Мәскеудің Замоскворецкий соты қарап жатыр.

Алексей Улюкаев өткен жылдың қарашасында "Роснефть" кеңсесінде ұсталып, содан бері үйқамақта отыр. Тергеу болжамына қарағанда, ол Игорь Сечиннен "Башнефть" компаниясын сатып алу келісіміне оң баға беру үшін екі миллион доллар пара бопсалаған.

Экс-министр өзіне тағылған айыпты терістеген, ол өзін ұстау мен қылмыстық іс қозғауды "Роснефть" мен Ресей Федералдық қауіпсіздік қызметінің арандатуы деп біледі.

XS
SM
MD
LG