"Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясы уран өндірісін "сұраныс көлеміне сай" 20 пайызға азайтатынын хабарлады. Компанияның басқарма төрағасы Ғалымжан Пірматовтың мәлімдеуінше, "Қазатомөнеркәсіп" "нарықтағы қазіргі жағдайды және табиғи уран нарығындағы ұсыныстың мөлшерден көп екенін ескеріп, өндірісті сұранысқа сай қысқарту" туралы шешім шығарған.
Компанияның ресми сайтында жарияланған хабарламаға қарағанда, әлемде табиғи уран өндіруден бірінші орында тұрған "Қазатомөнеркәсіп" уран өндірісін 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап үш жыл бойы азайтады. Компания 2018 жылы өндірілетін уран көлемін 4 мың тоннаға (әлемдегі өндірісі көлемінің 7,5 пайызы), ал жалпы үш жылды қоса алғанда барлығы шамамен 11 мың тоннаға азайтуды жоспарлап отыр.
"Қазатомөнеркәсіп" өз шешімі туралы негізгі клиенттеріне хабарлады және бұл шараның болашақтағы уранмен қамтамасыз ету міндеттемесіне әсер етпейтініне сендірді" делінген компания хабарламасында.