Accessibility links

Ресей АЕ/АР мен "Америка дауысын" "шетел агенті" тізіміне қосты


Радио Свободаның Мәскеудегі бюросының журналистері бюроға келген АҚШ-тың Ресейдегі елшісі Джон Хантсманмен кездесіп тұр. Мәскеу, 17 қараша 2017 жыл.
Радио Свободаның Мәскеудегі бюросының журналистері бюроға келген АҚШ-тың Ресейдегі елшісі Джон Хантсманмен кездесіп тұр. Мәскеу, 17 қараша 2017 жыл.

Ресей әділет министрлігі "шетел агенті" мәртебесі берілген ақпарат құралдарының тізімін жариялады. Министрлік сайтында жарияланған тізімге Азат Еуропа/Азаттық Радиосы (АЕ/АР), "Америка дауысы", "Настоцщее время" телеарнасы, Радио Совбоданың (АЕ/АР-дің Орыс редакциясы) Татар-башқұрт қызметі (AzatliqRadiosi), "Фактограф", АЕ/АР-дің "Idel.Реалии", "Кавказ.Реалии", "Крым.Реалии" жобалары енгізілген.

Ресейде қарашаның ортасында билікке шетелден қаржы алатын бұқаралық ақпарат құралдарын "шетел агенті" деп жариялауға мүмкіндік беретін заң қабылданған. Заң бойынша, мұндай БАҚ әділет министрлігіне тіркеліп, есеп беруі тиіс болады.

Ілгеріде Ресей әділет министрлігі Азат Еуропа/Азаттық радиосы медиа-корпорациясының жобалары «Свобода» радиосы мен "Настоящее время" телеканалдарына жұмысы шектелуі мүмкін екенін хабарлаған. Мұндай хатты корпорацияның Ресейдегі "Idel.Реалии" және "Сибирь.Реалии" жобалары да алған. Әділет министрлігінің хатында заңға өзгертулер енгізілгеннен кейін қандай шаралар қабылданатыны нақты көрсетілмеген.

ОҚЫҢЫЗ: Шетелдік БАҚ-тан "агент" көретін заң күшіне енді

Заң қабылданғаннан кейін жариялаған мәлімдемесінде АҚШ сыртқа хабар тарату кеңесінің басшысы Джон Лэнсинг Америка медиа-компаниялары Америка заңында бекітілгендей халықаралық аудиторияға, соның ішінде Ресейге де анық, объективті және толық ақпарат беретін өзінің миссиясына адал болып қалатынын жариялаған.

Ал Азат Еуропа/Азаттық радиосы корпорациясының президенті Том Кент корпорацияның Ресейдегі жобалары қандай шектеулерге ұшырайтыны туралы нақты ақпарат алмайынша, жаңа заңның тиімділігін бағалау мүмкін емес екенін мәлімдеген.

"Біз өзіміздің орыстілді аудиторияға нақты және объективті ақпарат берудегі журналистік жұмысымызды жалғастыра береміз" делінген Том Кенттің мәлімдемесінде.

Ресей сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова 4 желтоқсанда "шетел агенті" деп танылған БАҚ-ты министрлік аккредитациясынан айырмайтынын және олардың Ресей аумағында қандай да журналистік қызметін "ешқандай кедергісіз атқара беретінін" мәлімдеген. Бірақ, Ресей парламентінің төменгі палатасы - Мемлекеттік думасы осы аптада "шетел агенті" деп танылған америкалық ақпарат құралдарының Мемлекеттік дума отырыстарына қатысуына тыйым салатын заң жобасын мақұлдайды деген болжам бар. Парламенттің жоғарғы палатасы Федерация кеңесі де осы сияқты заң қабылдауды жоспарлап отыр. Қос палатада биліктегі "Единая Россия" партиясының депутаттары басымдыққа ие.

14 қарашада АҚШ әділет министрлігі Ресейдің мемлекеттік Russia Today (RT) телеарнасының елде көп жылдан бері келе жатқан Шетелдік агенттерді тіркеу актісіне сай тіркелуі туралы мәліметтерін жариялаған еді. Америка билігі мұндай шешімді ресейлік RT және "Спутник" агенттіктерінің АҚШ-тағы президент сайлауына Ресей үкіметінің ықпалы жайлы дезинформация таратқан соң қабылдаған болатын.

XS
SM
MD
LG