Accessibility links

Киевте Саакашвилиді қауіпсіздік қызметкерлері ұстады


Украина қауіпсіздік қызметінің өкілдері Михаил Саакашвилиді ұстап әкетіп барады. Киев, 5 желтоқсан 2017 жыл.
Украина қауіпсіздік қызметінің өкілдері Михаил Саакашвилиді ұстап әкетіп барады. Киев, 5 желтоқсан 2017 жыл.

Украина қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері Киевте Грузияның бұрынғы президенті, Одесса облысының бұрынғы губернаторы, "Жаңа күштер қозғалысының" жетекшісі Михаил Саакашвилиді тұтқындады. Саясаткерге қандай айып тағылғаны әзірге белгісіз. Азаттықтың Орыс қызметінің Киевтегі тілшісі Владимир Ивахненконың хабарлауынша, Саакашвилидің қолына кісен салып, пәтерінен шығарған. Ұстау кезінде Саакашвилидің жақтастары мен арнайы жасақ сарбаздары жанжалдасып қалған. Саакашвилидің пәтері орналасқан үйді Украина қауіпсіздік қызметінің арнайы жасағы мен полиция қоршауға алған. Саакашвилидің жақтастары ол отырған көліктің жолын бөгеді. Олар "Позор!", "Миша!" және "Импичмент!" деп ұрандап тұр.

Сейсенбі күні Украина қауіпсіздік қызметі мен бас прокуратура Саакашвилидің пәтерін тінтуге барған. Саясаткер құқық қорғау органдарының қызметкерлерінен жасырынып, үйдің шатырына шығып кеткен. Саакашвилидің адвокаты мен Жоғарғы Раданың депуттаттары Юрий Деревянный мен Виктор Чумакты полиция үйге кіргізбеді.

Украинаның бас прокуроры Юрий Луценко жақтастарымен бірге 17 қазанда Жоғарғы Рада алдына шатыр тіккен Саакашвилиді "мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды" деп айыптаған. Парламент алдындағы шатырларда жүздеген демонстрант әлі тұрып жатыр.

Демонстранттардың депутаттарға қойған талаптарының арасында "Украина президентіне импичмент жариялау туралы" заң қабылдау талабы да бар.

3 желтоқсанда Киевте "Импичмент үшін маршы" өткен. Оған бірнеше мың демонстрант қатысқан. Сол күні маршта сөйлеген Саакашвили өз қозғалысы өзге ұйымдармен бірге Украинаның барлық аймағында импичмент жариялау жөніндегі комитет құратынын хабарлап, Киевте 10 желтоқсан күні жаңа акция болатынын жариялаған. Саакашвили белсенділер бұл күні президент әкімшілігін қоршауы мүмкін екенін жоққа шығармаған.

XS
SM
MD
LG