Accessibility links

Ақтөбеде "мұнай ұрлығы" ісі бойынша сот басталды


"Мұнай ұрлығы" ісі бойынша айыпталғандардың соты. Ақтөбе қаласы, 20 қараша 2017 жыл.
"Мұнай ұрлығы" ісі бойынша айыпталғандардың соты. Ақтөбе қаласы, 20 қараша 2017 жыл.

Ақтөбеде 5 желтоқсан күні "мұнай ұрлаумен айналысқан қылмыстық топ" деген күдікпен ұсталған 26 адамның ісі бойынша негізгі сот процесі басталды. Тергеу қорытындысы бойынша оларға ауыр және аса ауыр қылмыстар жасаған деген айыптар тағылған. Сот Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында өтіп жатыр. Журналистер сот барысын жеке бөлмеде монитордан бақылап отыр.

Ақтөбедегі "мұнай ұрлығы" ісі бойынша сот өтіп жатқан облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот. 5 желтоқсан 2017 жыл.
Ақтөбедегі "мұнай ұрлығы" ісі бойынша сот өтіп жатқан облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот. 5 желтоқсан 2017 жыл.

"Қылмыстық топқа жетекшілік еткен" бірінші топ мүгедегі Еркін Ізбасарды тергеу Қылмыстық кодекстің 13 түрлі бабы бойынша айыптап отыр. Сотталушылардың 17-сі тергеу изоляторында, ал 9-ы ешқайда шықпау туралы қолхатпен бостандықта жүр. Сотталушылар арасында облыстық ішкі істер департаменті басшысының бұрынғы орынбасары да бар.

Еркін Ізбасар мен оның серіктеріне тағылып отырған тағы бір үлкен айып – мұнай ұрлығы. Тергеу материалдарына қарағанда, "Сағыз Петролеум" компаниясына қарасты "Қағанай" кенішінен 2015 жылғы маусым-қыркүйек аралығында 530 тонна мұнай ұрланған. Ұрланған мұнай құны 11 миллион 302 мың теңге екендігі айтылады. Одан бөлек, Байғанин ауданындағы "Ащыкөл", Мұғалжар ауданындағы "Синельниковское" кеніші мен Байғанин ауданындағы "Қаратөбе" кенішінен де әр жылдары аса көп мөлшерде мұнай ұрланған. Әзірше, ұрланған мұнайдың нақты көлемі мен келтірілген шығын мөлшері айтылған жоқ.

2016 жылдың желтоқсанында ҰҚК қызметкерлері мен коррупцияға қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы және ішкі істер министрлігі бірлесіп Ақтөбе облысы және тағы кей облыстарда "мұнай өнімдерін жымқырумен айналысқан" деген күдікті топты қолға түсіру операциясын жүргізген. Кейін сот операция барысында ұсталған жиырмадан астам күдіктіні қамауға санкция берген.

ҰҚК сонымен қатар "мұнай ұрлаумен айналысқандарды қорғаштаған радикалды салафизм бағытын ұстанатын қылмыстық топтың бірнеше мүшесі ұсталғаны" туралы да хабарлаған.

XS
SM
MD
LG