Accessibility links

АЕ/АР президенті "Свободаның" "шетел агенті" деп жариялануына пікір білдірді


Томас Кент, Азат Еуропа/Азаттық Радиосының президенті.
Томас Кент, Азат Еуропа/Азаттық Радиосының президенті.

Азат Еуропа/Азаттық Радиосы (АЕ/АР) медиакорпорациясының прзедиенті Томас Кент Ресей әділет министрлігінің корпорацияның бірнеше жобасын "шетел агенті" деп жариялауына қатысты комментарий берді. Томас Кенттің айтуынша, Мәскеудің бұл шешімінен "корпорацияның Ресейдегі қызметі бұдан да үлкен шектеуге ұшырауы мүмкін, дегенмен, қандай шектеулер енгізілетін туралы нақты ақпарат жоқ".

"Біз әділет министрлігі мен Ресейдің басқа да билік органдарының компаниямызға қатысты барлық ақпаратын жіті бақылап отырамыз. Сонымен қатар, біз орыс тілді аудиториямызға анық және шынайы ақпарат берудегі журналистік қызметімізді жалғастыра береміз" деді Томас Кент.

5 желтоқсанда Ресей әділет министрлігі Азат Еуропа/Азаттық Радиосы, "Америка дауысы", "Настоцщее время" телеарнасы, Радио Свободаның (АЕ/АР-дің Орыс редакциясы) Татар-башқұрт қызметі (AzatliqRadiosi), АЕ/АР-дің "Фактограф", "Idel.Реалии", "Кавказ.Реалии" және "Крым.Реалии" жобаларын "шетел агенті" тізіміне қосқан.

ОҚЫҢЫЗ: Шетелдік БАҚ-тан "агент" көретін заң күшіне енді

Ілгеріде Ресей әділет министрлігі Азат Еуропа/Азаттық радиосы медиа-корпорациясының жобалары Радио Свобода мен "Настоящее время" телеканалдарына жұмысы шектелуі мүмкін екенін хабарлаған. Мұндай хатты корпорацияның Ресейдегі "Idel.Реалии" және "Сибирь.Реалии" жобалары да алған. Әділет министрлігінің хатында заңға өзгертулер енгізілгеннен кейін қандай шаралар қабылданатыны нақты көрсетілмеген.

Заң қабылданғаннан кейін жариялаған мәлімдемесінде АҚШ сыртқа хабар тарату кеңесінің басшысы Джон Лэнсинг Америка медиа-компаниялары Америка заңында бекітілгендей халықаралық аудиторияға, соның ішінде Ресейге де анық, объективті және толық ақпарат беретін өзінің миссиясына адал болып қалатынын жариялаған.

14 қарашада АҚШ әділет министрлігі Ресейдің мемлекеттік Russia Today (RT) телеарнасының елде көп жылдан бері келе жатқан Шетелдік агенттерді тіркеу актісіне сай тіркелуі туралы мәліметтерін жариялаған еді. Америка билігі мұндай шешімді ресейлік RT және "Спутник" агенттіктерінің АҚШ-тағы президент сайлауына Ресей үкіметінің ықпалы жайлы дезинформация таратқан соң қабылдаған болатын.

XS
SM
MD
LG