Accessibility links

"Мұнай ұрлағандар" арасында прокуратураның бұрынғы қызметкерлері бар


Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты. 6 желтоқсан 2017 жыл.
Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты. 6 желтоқсан 2017 жыл.

Ақтөбеде "мұнай ұрлаумен айналысқан қылмыстық топ" деген күдікпен ұсталған 26 адамның ісі бойынша прокурорлар айыптау актісін әлі оқып бола алмай жатыр. Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты бұл істі желтоқсанның 5-інде қарай бастаған. 6 желтоқсан күні түске дейін мемлекеттік айыптаушылар тобы айыптау актісінің ағайындылар Ербол мен Жанат Тектіғұловтарға қатысты тұсын оқыды.

Бірі тергеу изоляторына қамалып, екіншісі ешқайда шықпау туралы қолхатпен бостандыққа жіберілген ағайынды Тектіғұловтар 2015 жылғы маусым айы мен 2016 жылғы қарашаға дейінгі аралықта Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданындағы Синельниковское кенішінен аса көп мөлшерде мұнай ұрлады деп айыпталып отыр.

- Синельниковское кенішіндегі №5 скважинаның күзетілмейтінін білген Ербол Тектіғұлов қылмыс жоспарын құрып, оған туған інісі Жанат Тектіғұловты да тартқан, - деді бүгін сот процесі кезінде мемлекеттік айыптаушы Елдар Әбиев.

Тергеу материалдарына қарағанда, Мұғалжар ауданындағы Синельниковское кенішін 2000 жылғы желтоқсанда энергетика министрлігінің рұқсатымен "Озтюркмунай" серіктестігі барлап, мұнай өндіре бастаған. 2010 жылы қаржылық қиындықтарға ұшыраған Озтюркмунай" кеніштегі жұмысын тоқтатады. Алайда, кеніштегі № 5 скважинаға консервация жасалмаған.

Тергеу "38 жастағы Ербол Тектіғұлов күзетілмейтін скважинадан әр сапарында мұнай тасымалдайтын көлікпен 23 мың литрден астам шикі мұнайды әкетіп отырған" деп күдіктенеді. Прокурорлар әр жолы әкетілген мұнай құнын орта есеппен екі миллион теңге деп бағалап отыр.

Айыптау актісін бүгін де кезектесіп оқыған прокурорлар Ербол Тектіғұловты мұнай ұрлап қана қоймай, оны тасымалдады, жалған құжат жасап, шикі мұнайға өңделген май құйып, отын ретінде сатты деп айыптады. Прокурорлар күдікті қылмысын жүзеге асыру үшін 36 жастағы інісі Жанат Тектіғұлдан бөлек, көлік жүргізушілері Мұрат Қуанышев, Руслан Дермұқанов, Бекжан Құлтаев пен Сергей Савченконы да тартқан деп санайды.

Сот процесі кезінде Ербол Тектіғұловты адвокат Надежда Саитова қорғайды. Ал оның інісі Жанат Тектіғұлдың адвокаты - Нұрбибі Есмағамбетова. Бүгін таңғы сағат тоғыздан бері сот залынан шықпаған адвокаттармен тілдесу әзірше мүмкін болмай тұр.

Аты-жөнін атамауды өтінген дереккөздің мәліметінше, Ербол Тектіғұлов бұрын прокуратура саласында еңбек еткен. "Мұнай ұрлады" деп айыпталған 26 адамның арасында Ербол Тектіғұловтан басқа бұрын прокуратура саласында қызмет еткен тағы бір адам бар.

Ақтөбе облыстық прокуратурасының аппарат жетекшісі Жасұлан Дәулембаев мұны жоққа шығарып отырған жоқ. Дәулембаевтың айтуынша, қылмыстық топ құрамындағы екі қызметкер осыдан он жыл бұрын жұмыстан қуылған. Алайда, Дәулембаев олардың прокуратурадан не үшін шығарылғанын айтудан бас тартты.

XS
SM
MD
LG