Accessibility links

АҚШ президенті Дональд Трамп "Иерусалимді Израиль астанасы деп ресми түрде мойындайтын уақыт жеткенін" жариялады. 6 желтоқсанда сөйлеген Трамп Мемлекеттік департаментке АҚШ-тың Израильдегі елшілігін Тель-Авивтен Иерусалимге көшіруге тапсырма бергенін де айтты. Елшілікті көшіру жұмыстары үш жылдан төрт жылға дейінгі уақытқа созылуы мүмкін.

Дегенмен Трамп израильдіктер үшін де, палестиналықтар үшін де тиімді бейбіт келісімнің жасалуына қолынан келгенше ықпал ететінін мәлімдеді.

АҚШ Конгресі 1995 жылы федералдық үкіметті Иерусалимді Израиль астанасы деп тануға және АҚШ елшілігін осы қалаға көшіруге шақырып, Иерусалим туралы заң қабылдаған. "Бұл заңды Конгрестегі қос партия көпшілік дауыспен қолдады және жарты жыл бұрын ғана сенатта бірауыздан дауыс беру арқылы бекітілді" деді Трамп.

Дегенмен, 20 жылдан астам уақыт бойы бұрынғы АҚШ президенттері заңды орындаудан және Иерусалимді Израиль астанасы деп танудан бас тартып келген.

Президенттер Иерусалимді Израиль астанасы деп мойындаудан бас тарту бейбіт келісім жасауға түрткі бола ма деп, заңды қолданбай келген. Трамп кейбір сарапшылардың бұрынғы президенттер бұл мәселеде батыл бола алмады дегенін, бірақ олар сол кездегі фактілер бойынша заңнан оң ниетпен ғана бас тартқанын еске салды.

"Жиырма жылдан астам уақыт бас тартып келгенде Израиль мен Палестина арасында берік бейбіт келісім орната алмадық. Осы жолмен жүре берсек, жағдай жақсы жағына қарай өзгереді деу ақымақтық болар еді" деді Трамп.

АҚШ президенті бұған дейін Израиль, Палестина автономиясы, Сауд Арабиясы, Египет пен Иордания басшыларымен телефонмен сөйлескенінде Вашингтон Иерусалимді Израиль астанасы деп мойындап, елшілігін осы қалаға көшіретінін хабарлаған болатын.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсонның 6 желтоқсанда таратқан мәлімдемесінде Трамптың шешімі нақты жағдайға сай келіп тұрғаны, себебі Иерусалимде Израильдің заң шығару органы, Жоғарғы соты, президент кеңсесі мен премьер-министр кабинеті орналасқаны айтылады.

"Біз президент шешім қабылдамас бұрын көп елмен, серіктерімізбен және одақтастарымызбен кеңестік. Біз бұл шешімнің мызғымас бейбітшілік орнатуға мүмкіндік тудыратынына сенеміз" деді Тиллерсон.

Араб елдерінің басшылары Дональд Трамптың шешімін қатаң сынға алды. Еуропа Одағының (ЕО) сыртқы саясат жөніндегі бас комиссары Федерика Могерини палестиналықтар мен израильдіктер арасындағы болашақ бейбіт келіссөзге нұқсан келтіретін кез-келген қадамнан тартыну қажетін мәлімдеді. Франция сыртқы істер министрлігі Иерусалим мәртебесі Израиль-Палестина келіссөзі нәтижесінде анықталуы тиіс екенін мәлімдеді.

Иерусалимді Израиль астанасы деп танып, АҚШ елшілігін Иерусалимге көшіру халықаралық келісімге қайшы. Батыс елдерінің көпшілігі Иерусалимді Израильдің астанасы деп мойындамайды. Палестиналықтар мұсылман, христиан және еврейлердің киелі орындары шоғырланған қаланың ескі бөлігі - Шығыс Иерусалимді өздерінің астанасы деп тануды талап етіп отыр.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG