Accessibility links

БҰҰ Иерусалим мәртебесіне қатысты шұғыл жиын өткізбек


БҰҰ Қауіпсіздік кеңеесінің жиыны (Көрнекі сурет).
БҰҰ Қауіпсіздік кеңеесінің жиыны (Көрнекі сурет).

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі АҚШ президенті Дональд Трамптың Иерусалимді Израиль астанасы деп тануына байланысты шұғыл жиын өткізеді деп хабарлады Reuters агенттігі.

БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриштен шұғыл жиын өткізуді Қауіпсіздік кеңесіне мүше 15 мемлекеттің сегізі - Франция, Боливия, Египет, Италия, Сенегал, Швеция, Ұлыбритания және Уругвай сұраған. Жиын 8 желтоқсанда өтеді деп жоспарланған.

6 желтоқсанда АҚШ президенті Дональд Трамп "Иерусалимді Израиль астанасы деп ресми түрде мойындайтын уақыт жеткенін" мәлімдеген. Ол сонымен қатар Израильдегі АҚШ елшілігін Тель-Авивтен Иерусалимге көшіруге дайындықты бастауға тапсырма берген.

Араб елдерінің басшылары Дональд Трамптың шешімін қатаң сынға алды. Еуропа Одағының (ЕО) сыртқы саясат жөніндегі бас комиссары Федерика Могерини палестиналықтар мен израильдіктер арасындағы болашақ бейбіт келіссөзге нұқсан келтіретін кез-келген қадамнан тартыну қажетін мәлімдеді. Франция сыртқы істер министрлігі Иерусалим мәртебесі Израиль-Палестина келіссөзі нәтижесінде анықталуы тиіс екенін мәлімдеді.

БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш Дональд Трамптың шешіміне қатысты "израильдіктер мен палестиналықтар арасындағы бейбіт келісінің болашағына қауіп төндіретін бір жақты шараларға қашан да қарсы шыққанын" айтты.

Иерусалимді Израиль астанасы деп танып, АҚШ елшілігін Иерусалимге көшіру халықаралық келісімге қайшы. Батыс елдерінің көпшілігі Иерусалимді Израильдің астанасы деп мойындамайды. Палестиналықтар мұсылман, христиан және еврейлердің киелі орындары шоғырланған қаланың ескі бөлігі - Шығыс Иерусалимді өздерінің астанасы деп тануды талап етіп отыр.

XS
SM
MD
LG