Accessibility links

Ашғабадта белсенді мен оның қызын ұрлап әкеткен


Азаматтық белсенді Галина Кучеренко мен оның қызы Валерия Кучеренко.
Азаматтық белсенді Галина Кучеренко мен оның қызы Валерия Кучеренко.

Түркіменстан астанасы Ашғабадта 7 желтоқсан күні бейтаныс адамдар жануарлар құқығын қорғаушы белсенді Галина Кучеренконың үйінің есігін бұзып кірген деп хабарлайды Азаттықтың Түркімен редакциясы. "Түркіменстанның балама жаңалықтары" басылымының хабарлауынша, үйге басып кірген адамдар белсенді мен оның қызы Валерия Кучеренконы алып кеткен.

Соңғы ақпаратқа қарағанда, күннің екінші жартысында Валерия Кучеренконы босатқан. Бірақ Галина Кучеренконың қайда екені белгісіз. Бейтаныс адамдар есікті бұзып жатқанда, Галина Кучеренко құқық қорғаушы Наталья Шабунцқа хабарлап үлгерген.

Шабунц бұл жайында дереу БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі аймақтық орталығына хабарлаған. Шабунц Кучеренко үйінің есігі алдынан полиция көлігін көрген. Бірақ полиция қызметкерлері бұл оқиғаға қатысы барын жоққа шығарған. Галина Кучеренконың ұялы телефоны сөндіріліп тұр.

Галина Кучеренко әлеуметтік желілерде құқық қорғау органдары қызметкерлерін "үй жануарларын жаппай өлтіріп жатыр" деп сынап келген. Бұған дейін оған түрлі қоқан лоқы көрсетілген.

XS
SM
MD
LG