Accessibility links

Тұтқын Курамшин өзін өз облысына жақын түрмеге жіберуді сұрайды


Вадим Курамшин. Алматы, 31 тамыз 2012 жыл.
Вадим Курамшин. Алматы, 31 тамыз 2012 жыл.

Солтүстік Қазақстан облысының Есіл ауданы Горный кентіндегі ерекше режимді ЕС-164/4 колониясында қамауда отырған құқық қорғаушы Вадим Курамшин 8 желтоқсанда Азаттық тілшісіне таксофон арқылы хабарласып, түрменің жабылуына байланысты өзін 10 желтоқсанда Шығыс Қазақстан облысына этаппен жөнелту жоспарланып отырғанын айтты. Ол қазір өзінің ауыратынын, ал аяғы ауырып, әзер жүретін және Петропавлда тұратын қарт анасының Шығыс Қазақстан облысындағы түрмеге бара алмайтынын айтып, бұл жоспарға алаңдап отыр.

Вадим Курамшин сонымен қатар ЕС-164/4 түмесіндегі бірнеше тұтқынды Солтүстік Қазақстан облысының (СҚО) Аршалы кентінде орналасқан басқа түрмеге жөнелтіп жатқанын айтты. Бұл кенттің жанынан Петропавлдан Астанаға қатынайтын пойыз өтетіндіктен, Курамшиннің анасына бұл түрмеге келіп тұру қиындық тудырмайды. Курамшин егер өзін СҚО-дағы түрмеде қалдыруға мүмкіндік болмаса, түрме жүйесінің басшылығынан тым болмағанда Шығыс Қазақстан облысындағы түрмеге соңғы этаппен жөнелтуін сұрайды. Ол "Бұл уақыт аралығында ауруымнан айығып алуға мүмкіндік туған болар еді" дейді. Бірақ оның түрме жүйесі басшылығына жасаған өтінішінен әзірге нәтиже шықпай тұр.

Вадим Курамшиннің анасы Ольга Колтунова Азаттық тілшісімен әңгімесінде ұлының этаппен жөнелтілейін деп жатқаны туралы ақпаратты растады және бүгін таңертең СҚО бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаменті (ҚАЖД) бастығының орынбасары полковник Бөкенбай Жүсіповтің қабылдауында болып, ұлының өтінішін жеткізгенін айтты. Бірақ оның сөзінше, полковник Жүсіпов "шешімді Қылмыстық атқару жүйесі комитеті қабылдайтынын" айтып, қолынан ешнәрсе келмейтінін айтқан.

Азаттық тілшісі полковник Бөкенбай Жүсіповке хабарласа алмады, дегенмен, ЕС-164/4 түрмесінің кезекшісімен сөйлесті. Кезекші түрменің жабылатынын растады. Оның айтуынша, "мекеме толықтай Шығыс Қазақстан облысына көшеді" және тұтқындар ол жаққа осы жылдың соңына дейін этаппен жөнелтілмек. Кезекші "Түрме басшылығы Вадим Курамшинді Шығыс Қазақстан облысына этаппен жөнелтпеу мәселесін шеше ала ма?" деген сұраққа бұл мәселе Астанадағы қылмыстық атқару жүйесі комитеті деңгейінде шешілетінін айтты.

43 жастағы құқық қорғаушы Вадим Курамшин 2012 жылдан бері бопсалау айыбымен 12 жылдық түрме жазасын өтеп жатыр. Ол өзіне тағылған айыпты мойындамайды. Бірнеше құқық қорғау ұйымы оны саяси тұтқын деп таныған.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG