Accessibility links

Brexit келіссөзінің алғашқы кезеңі аяқталды


Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэй мен Еуропа комиссиясының төрағасы Жан-Клод Юнкер. Брюссель, 8 желтоқсан 2017 жыл.
Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэй мен Еуропа комиссиясының төрағасы Жан-Клод Юнкер. Брюссель, 8 желтоқсан 2017 жыл.

"Ұлыбританияның Еуропа Одағынан (ЕО) шығуы жөніндегі келіссөзі (Brexit) кәдімгідей алға жылжыды" деп мәлімдеді Еуропа комиссиясының төрағасы Жан-Клод Юнкер. Оның сөзінше, Brexit шарттарын талқылаудың алғашқы кезеңі аяқталды.

Брюссельде бүгін Юнкер мен Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэй келіссөз жүргізді. Кездесу қорытындысында 15 парақтан тұратын "ілгерілеу туралы баяндамаға" қол қойылды. Баяндамада Brexit-тің негізгі шарттары - ЕО-дан шыққаннан кейін Ұлыбританиядағы еуропалық азаматтардың құқықтары және Ұлыбританияның ЕО-дағы серіктеріне өтемақы төлеуі мәселесі келісілген. Кеңесудің келесі кезеңі 2018 жылы өтеді. Ол кезде сауда туралы келісім талқыланады деген болжам бар.

Келіссөздің алғашқы кезеңіндегі ең даулы мәселенің бірі - Ирландия мен Ольстер арасындағы шекара мәртебесі болған. ЕО бұл екі аймақ арасында "қатаң" шекара қойылғанына қарсы, ал Тереза Мэйдің жақтастары Біріккен Корольдікте Солтүстік Ирландияға ерекше мәртебе беруге қарсы.

Ұлыбританияның ЕО-дан шығуы жөніндегі келіссөз 19 маусымда Брюссельде басталған. Келіссөз 2018 жылдың соңына дейін созылады. Бұдан соң келісімді ЕО елдері мен Ұлыбритания парламентттерінде ратификациялауға алты ай уақыт беріледі.

Еуропа комиссиясы Біріккен Корольдік қаржылық міндеттерін 2020 жылға дейін орындауы тиіс деп санайды. Ұлыбритания ЕО құрамында болған кезінде 2014-2020 жылдарға арналған еуропалық бағдарламаларды қаржыландыруға қатысуды мойнына алған. ЕО қазір Лондоннан бұл міндеттемелер бойынша 60 миллиард еуро төлеуді талап етіп отыр.

XS
SM
MD
LG