Accessibility links

Ресей генералы Ткачев Bellingcat пен The Insider басылымын сотқа бермек


Генерал Николай Ткачев (сол жақта) Владимир Путинмен кездесу кезінде. (Мұрағаттағы фотосурет.)
Генерал Николай Ткачев (сол жақта) Владимир Путинмен кездесу кезінде. (Мұрағаттағы фотосурет.)

Ресейлік генерал-полковник Николай Ткачев Донбаста әуеден атып түсірілген малайзиялық Boeing 777 жолаушылар ұшағы апатына өзінің қатысы болуы мүмкін деп көрсетілген зерттеуді әзірлеген Bellingcat тобы мен бұл жайында жазған The Insider басылымын сотқа беруге әзір. Бұл туралы ол ресейлік "Новая газета" басылымына сұхбатында мәлімдеген.

Ткачев 2014 жылы Донбаста болмағаны туралы сөзін тағы қайталаған. Бұған дейін ол ұзақ жылдардан бері Екатеринбургте тұратыны және балаларды әскери-патриоттық тәрбиелеумен айналысатыны туралы мәлімдеген.

Жұма күні Bellingcat тобы мен The Insider басылымы Шығыс Украинада жолаушылар ұшағының құлауына қатысы бар "Дельфин" деген әскери лақап атпен белгілі адамды анықтағандары туралы хабарлаған. Зерттеуде "Дельфин" – Ресей армиясының запастағы генерал-полковнигі Николай Ткачев, қазір ол Ресей қорғаныс министрлігінің орталық әскери округі бойынша бас инспекторы қызметін атқарады деп көрсетілген.

Зерттеуде Шығыс Украинада жанжал басталғаннан кейін Ткачевтің ресейлік сепаратистер бақылауындағы Украинаның Луганск облысына, Краснодон қаласына барғаны, сонда қарулы сепаратистер мен ресейлік әскерилер арасындағы ынтымақтастықты үйлестіргені айтылған.

Малайзиялық жолаушылар ұшағы апаты бойынша істі тергеу тобы Bellingcat пен The Insider зерттеуіндегі мәліметтерді ескеретіні хабарланған.

2014 жылғы 17 шілдеде Амстердамнан Куала-Лумпурге MH17 рейсімен ұшып бара жатқан Malaysian Airlines әуе компаниясының жолаушылар ұшағы Донбасс аумағында жерге құлап, ондағы 298 адам түгел қаза тапқан. Апат себептерін тексерген халықаралық тергеушілер тобы ұшақты жерден "Бук" әскери зениттік-зымыран кешені қаруымен атып түсірген деген қорытынды жасаған. Тергеу болжамы бойынша, әскери қару Ресейден әкелінген. Зымыранды Шығыс Украинадағы сепаратистер бақылауындағы аймақтан атқан. Ұшақты атуға кім бұйрық бергені әзірше белгісіз. Тергеу тобы күдіктілердің аты-жөнін әлі күнге жариялаған жоқ.

XS
SM
MD
LG