Accessibility links

Ирак премьері ел аумағы ИМ тобынан толық азат етілгенін хабарлады


Ирак қауіпсіздік күштерінің сарбаздары ИМ тобының күйрегені туралы хабарға қуанып тұр. Мосул, 9 желтоқсан 2017 жыл.
Ирак қауіпсіздік күштерінің сарбаздары ИМ тобының күйрегені туралы хабарға қуанып тұр. Мосул, 9 желтоқсан 2017 жыл.

Ирак премьер-министрі Хайдер әл-Абади ел аумағы әлемнің көптеген елдерінде террорлық ұйым деп танылған "Ислам мемлекеті" (ИМ) экстремистік тобынан толық азат етілгені туралы мәлімдеді.

Сенбі күні Бағдатта сөйлеген сөзінде әл-Абади Ирак әскері Сириямен шекараны шөлейттегі аудандармен қоса басынан аяғына дейін бақылауына алғанын айтқан.

Бұған дейін Ирактың барлық ірі елді мекендері "Ислам мемлекеті" экстремистік тобынан азат етілгені туралы хабарланған.

Экстремистік топ осыдан бірнеше жыл бұрын Ирак территориясының үштен бір бөлігіне жуығын бірнеше ірі қаласымен бірге, соның ішінде ИМ "халифат астанасы" деп жариялаған Мосул қаласын да басып алған болатын. Ирак армиясы күрд және шиит қарулы жасақтарының, сонымен бірге АҚШ бастаған халықаралық коалицияның көмегімен жихадшылар күшінің бетін қайтарып, кейін қарсы шабуыл ұйымдастырып, ел территориясын ИМ экстремистерінен азат етуді бастаған. Мосул қаласын биылғы жылдың басында жаудан босатқан.

Бұдан бірнеше күн бұрын Ресей қарулы күштерінің бас штабы Иракпен көрші Сирия территориясында ИМ тобы толықтай күйрегені туралы мәлімдеген. Алайда халықаралық коалиция басшылығы Сирияның кей аудандары әлі жихадшылар бақылауында екенін айтады.

XS
SM
MD
LG