Accessibility links

"Открытая Россия": "Путин түсетін президент сайлауы - фарс"


"Открытая Россия" қозғалысының белгісі бар жалауша.
"Открытая Россия" қозғалысының белгісі бар жалауша.

Ресейлік ЮКОС компаниясының бұрынғы басшысы, қазір шетелде тұратын Михаил Ходорковский құрған "Открытая Россия" ("Ашық Ресей") қозғалысы 2018 жылы өтетін Ресей президенті сайлауында ешбір кандидатты қолдамайды. Бұл туралы шешім сенбі күні Мәскеуде өткен қозғалыс конференциясында қабылданды деп хабарлайды Азаттықтың Орыс қызметі.

Қозғалыс мүшелерінің пікірінше, Ресейде 2000 жылдан бері билік басында отырған қазіргі президент Владимир Путиннің кезекті рет сайлауға түсетіні туралы шешімі бұл саяси науқанды фарсқа айналдыратын "жалған" сайлау болмақ.

Бұған дейін қозғалыстың негізін қалаушы Михаил Ходорковский конференцияға қатысушыларға видеобайланыс арқылы жасаған үндеуінде 2018 жылғы наурызға жоспарланып отырған Ресей президенті сайлауын "жалған сайлау" және "путиндік көзалдау" деп атаған. Ол бұл сайлауға деген көзқарасы тіпті Алексей Навальный мен Ксения Собчактың кандидатураларын билік тіркеген күннің өзінде өзгермейтіні туралы мәлімдеген. Аталған екі саясаткерді Ходорковский бұған дейін "одақтастарымыз" деп атаған, бірақ конференция делегаттарын тікелей ол екеуінің қайсібірін қолдауға шақырған жоқ. Сонымен бірге ол сайлауға байланысты "Ресейде саяси мүмкіндіктерге саңылау" пайда болғанын, оны өз позициясын ел азаматтарына жеткізу үшін пайдалануға болатынын айтқан.

"Открытая Россия" конференциясына қатысушы делегаттар жиынның жұмысына аяқ астынан полиция араласқанған дейін қозғалыстың сайлауалды стратегиясы қандай болуы тиіс деген мәселе бойынша дауыс беріп үлгерген. Бұдан соң конференциясы өтіп жатқан жерге келген жиырма шақты полиция қызметкері өздеріне "ұнамсыз ұйымның" жиыны туралы анонимді хабар түскенін айтқан. Олар конференцияға қатысушылардың барлығын кезекпен "түсініктеме беруге" шақырып, кейін оларды ғимараттан шығарып жіберген соң қайта кіруіне кедергі жасаған.

"Открытая Россия" жиынына полицияның келгені туралы видео:

Полиция "ұнамсыз ұйымды" іздеп келді
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:58 0:00

Ресей заңына сай, қызметі "ұнамсыз" деп танылған үкіметтік емес ұйымдарға Ресей территориясында жұмыс істеуге тыйым салынады.

XS
SM
MD
LG