Accessibility links

AFP тілшісі Крис Риклтонды Қырғызстанға кіргізбеді


Бішкектегі Манас әуежайы.
Бішкектегі Манас әуежайы.

France-Press (AFP) ақпарат агенттігінің тілшісі, Ұлыбритания азаматы Крис Риклтонды сенбі күні Бішкектің Манас әуежайында паспорт тексеруі кезінде ұстап, Қырғызстанға кіргізбеген. Бұл туралы журналистің өзі Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазған. Соңғы жеті жыл бойы Қырғызстан астанасында әйелі және баласымен бірге тұрған, Бішкектегі Америкалық университетте оқытушы болып істейтін Крис Риклтон Дубай арқылы Коломбодан ұшып келген.

- Жарты сағаттан кейін маған Қырғызстанға кіруіме тыйым салынғаны туралы хабарлап, Дубайға ұшатын жолаушыларға арналған залға өткізді. Маған салынған тыйымның ресми себебін ешкім түсіндірген жоқ, - дейді журналист.

Қырғызстанның ресми органдары Крис Риклтонға байланысты әзірше ешқандай комментарий берген жоқ. Журналистің сөзінше, бұған дейін оның шетелдік журналист ретінде аккредитация беруді сұраған өтініші Қырғызстанда қолдау таппаған, оның орнына өзін екі рет Қырғызстан мемлекеттік қауіпсіздік органдары әңгімелесуге шақырған.

Крис Риклтон әйелі мен баласы Қырғызстан азаматтары болғандықтан және олардың туыстары Бішкекте тұратындықтан өзі де Қырғызстанда тұрғысы келетінін айтады. Журналист бұл туралы өтінішін Facebook әлеуметтік желісі арқыры Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбековке жазған.

Крис Риклтон 2015 жылдан бері AFP агенттігінің тілшісі болып істейді.

XS
SM
MD
LG