Accessibility links

Ресей жиырмаға жуық шетелдік студентті елден шығармақ


Норвегия туы. (Көрнекі сурет.)
Норвегия туы. (Көрнекі сурет.)

Ресейдің Санкт-Петербург қаласында федералдық көші-қон қызметі Швеция мен Норвегиядан келіп оқып жатқан жиырма шақты шетелдік студенттен желтоқсанның 12-іне дейін елден шығып кетулерін талап еткен.

Barents Observer сайтының хабарлауынша, желтоқсанның 8-і күні полиция Санкт-Петербургтің орталығындағы Норвегиялық университет орталығында жүргізген рейд барысында 17 студенттің – тоғыз норвегиялық және сегіз швед азаматының құжаттары дұрыс емес екенін анықтаған. Фонтанка.ру сайты 18 студент туралы жазған.

Оның мәліметі бойынша, Ресейге шәкірт алмасу бағдарламасы бойынша оқуға келген студенттердің шақырту қағаздары дұрыс толтырылмаған. Енді олар үш тәуліктің ішінде елдің шығып кетіп, қайтадан виза рәсімдеулері тиіс.

Санкт-Петербургтегі Норвегия бас консулының сөзінше, қаладағы Норвегиялық университет орталығын апта басынан бері прокуратура тексеріп жатыр. Консулдықтағылар бұл тексерудің немен байланысты екені жайлы ешнәрсе білмейді.

Норвегияның бірнеше жоғары оқу орнының Санкт-Петербургтегі өкілдігі – Норвегиялық университет орталығының жұмыс істеп келе жатқанына жиырма жылдан асқан.

XS
SM
MD
LG