Air Astana әуе компаниясы жолаушыларын Алматы әуежайындағы ұшып-қону жолағынан ұшақ шығып кеткен оқыс оқиғаға байланысты әуе рейстері бөгелуі мүмкін екені туралы ескертті.
Air Astana әуе компаниясының Алматы-Бангкок бағыты бойынша жолаушы тасымалдайтын КС 931 рейсінің ұшағы жексенбіде Алматы халықаралық әуежайында жергілікті уақытпен сағат 1:47 кезінде ұшып-қону жолағынан шығып кеткен. Ұшақ ангарға қойылып, жолаушылар басқа ұшақпен Бангкокқа Алматы уақытымен таңертеңгі сағат 7:35-те ұшып шыққан.
Әуе компаниясы Алматыдағы оқиғаға байланысты әуе рейстері бөгелуі мүмкін екенін ескеріп, жолаушыларға өз рейстеріне қатысты өзгерістерді компания сайтынан қадағалауды өтінген.
Қазақстанның Инвестициялар және даму министрлігінің Азаматтық авиация комитеті Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында Алматы әуежайындағы оқиғаға байланысты тексеру жұмыстары басталғаны туралы хабарлады.
Бұған дейін, қазанның 21-і күні Air Astana әуе компаниясының Астанадан Бакуге ұшып шыққан жолаушылар ұшағы навигациялық құрал-жабдығының ақауына байланысты Астанаға қайта оралған еді.