Accessibility links

Құқық қорғаушы Вадим Курамшинді ШҚО-ға этаппен жөнелтті


Вадим Курамшин, тұтқындағы құқық қорғаушы. Алматы, 31 тамыз 2012 жыл.
Вадим Курамшин, тұтқындағы құқық қорғаушы. Алматы, 31 тамыз 2012 жыл.

Тұтқындағы құқық қорғаушы, бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданының Горный кентіндегі ЕС-164/4 ерекше режимдегі колониясында отырған Вадим Курамшин 10 желтоқсанда Шығыс Қазақстан облысындағы түрмеге этаппен жөнелтілді. Бұл туралы Азаттық тілшісіне оның анасы Ольга Колтунова хабарлады. Бұл түрме жабылатын болғандықтан оның тұтқындарын басқа түрмелерге жөнелтіп жатыр.

Вадим Курамшин өзін этаппен жөнелтетіннің алдында Азаттық тілшісіне таксофоннан телефон соғып, өзінің ауырып жатқанын, ал аяғы ауыратындықтан әзер жүретін және Петропавлда тұратын қарт анасының Шығыс Қазақстан облысына бара алмайтынын хабарлаған. Курамшин ол кезде ЕС-164/4 колониясындағы бірнеше тұтқынның Солтүстік Қазақстан облысының Аршалы кентінде орналасқан басқа түрмеге ауыстырылатынын да айтқан. Бұл кенттің жанынан Петропавлдан Астанаға қатынайтын пойыз өтетіндіктен, Курамшиннің анасына бұл түрмеге келіп тұру қиындық тудырмайды. Курамшин егер өзін СҚО-дағы түрмеде қалдыруға мүмкіндік болмаса, түрме жүйесінің басшылығынан тым болмағанда Шығыс Қазақстан облысындағы түрмеге соңғы этаппен жөнелтуін сұраған. Ол "Бұл уақыт аралығында ауруымнан айығып алуға мүмкіндік туған болар еді" деген. Бірақ оның түрме жүйесі басшылығына жасаған өтінішінен нәтиже шықпады.

11 желтоқсанда Курамшин отырған ЕС-164/4 түрмесінің қызметкері Азаттықпен әңгімесінде Курамшиннің денсаулығы бұған дейін белгіленген уақытта этаппен жөнелтуге жарамды болғанын хабарлады. Ол сонымен қатар ЕС-164/4 түрмесінің тұтқындары Шығыс Қазақстан облысындағы түрмеге жаңа жылға дейін жөнелтілуі тиіс екенін айтты.

43 жастағы құқық қорғаушы Вадим Курамшин 2012 жылдан бері бопсалау айыбымен 12 жылдық түрме жазасын өтеп жатыр. Ол өзіне тағылған айыпты мойындамайды. Бірнеше құқық қорғау ұйымы оны саяси тұтқын деп таныған.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG