Accessibility links

Бішкек: Крис Риклтонды аккредитациялау туралы өтініш қаралып жатыр


Крис Риклтон, France Press агенттігінің тілшісі
Крис Риклтон, France Press агенттігінің тілшісі

Қырғызстан сыртқы істер министрлігі британ журналисі, France Press агенттігінің тілшісі Крис Риклтонның елге кіруіне тыйым салуға қатысты комментарий берді.

Министрлік "БАҚ-та 2017 жылдың 9 желтоқсанында "Манас" халықаралық әуежайында Ұлыбритания азаматы Риклтон Кристофер Майкл Томасты елге кіргізуден бас тартуға қатысты жарияланған ақпаратқа байланысты СІМ тиісті органдарға бас тартудың себебін анықтауды сұрағанын" хабарлады. Ведомство "шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар Қырғызстанға "Сыртқы миграция туралы" заңға сай кіргізілетінін" айтады.

СІМ ақпаратына қарағанда, Риклтон Кристофер журналист ретінде Қырғызстан сыртқы істер министрігінде аккредитациядан өтпеген. "France Press агенттігінің Орталық Азиядағы өкілдігінің оны аккредитациялауды сұраған өтініші қаралып жатыр" деді министрлік.

Соңғы жеті жыл әйелі және баласымен Қырғызстанда тұрып, жұмыс істеген Крис Риклтон 8 желтоқсанда өзін әуежайда ұстап, Дубайға депортациялап жібергенін хабарлаған. Ол Коломбодан транзит арқылы Бішкекке ұшып келген. Бірақ "Манас" әуежайында оны мемлекеттік орган өкілдері елге кіргізбеген.

Бұған дейін Қырғызстанның Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті Крис Риклтон "виза режимін бұзғаны үшін" елге кіруіне тыйым салынғанын хабарлаған.

Риклтон Бішкектегі Америка университетінде оқытушы болып істейді. Ол 2015 жылдан бері AFP тілшісі болып істеп, Қырғызстандағы Көшпенділер ойынынан белсенді түрде хабар таратқан.

XS
SM
MD
LG