Accessibility links

Кәсіподақ: АМТ жалақыны 30 пайызға дейін ғана көбейтуді ұсынды


Қарағанды облысындағы "Костенко" шахтасының кеншілері (Көрнекі сурет).

Қарағанды облысында "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының бірнеше шахтасында 500-ге тарта адам әлі сыртқа шықпай отыр. Кеншілердің шахтадан жер бетіне шығудан бас тартып, басшылыққа талап қойып отырғанына үшінші күн болды. Сәрсенбі күні таңертең облыс әкімі Ерлан Қошановпен кездесуден соң 150-ден астам адамның сыртқа шыққаны белгілі болған.

- Кеншілердің көпшілігі қойған талаптарынан айнымай, шахтада отыр. Өткен түні негізінен денсаулығына байланысты мұндай жағдайда отыра алмайтын кеншілер жер бетіне шығуға келісті. Шахталар суық. Кейбірі моральдық тұрғыдан шаршап, үйлеріне қайтуға немесе сыртта болуға бекінді. Бірақ бұл олар кеншілер талабынан бас тартты деген сөз емес. Қазір тағы да келіссөзге бара жатырмыз, - деді 13 желтоқсанда Азаттыққа кенші Сергей Гальстер.

Кеншілердің бір бөлігінің шахтадан шыққаны туралы ақпаратты Азаттыққа көмір өндірушілердің "Қорғау" кәсіподағының төрағасы Марат Мирғаязов та растады.

- Мен қазір тіпті кәсіподақ төрағасы ретінде емес, қарапайым адам ретінде кеншілердің шахтадан шығып, сыртта болғанын қолдаймын. Келіссөзді сыртта да жүргізуге болады, себебі мұндай жағдайда жер астында үшінші тәулік болу өте ауыр, ол денсаулыққа әсер етеді. Келіссөз кезінде компания негізгі жұмысшылардың жалақысын 30 пайызға, қосалқы жұмысшылардың жалақысын 20 пайызға, ал шахтаның үстіңгі жағында жұмыс істейтіндердің жалақысын 10 пайызға өсіруді ұсынды. Біз, кәсіподақ егер 30 пайыз болса, онда шахтада жұмыс істейтіндердің барлығының жалақысын бірдей, бөлмей осы көлемде көбейтуді сұрап отырмыз. Бұған қоса бұл 30 пайызды есепке алмай тұрып, толық индексация жасауды және биылғы жылға 13-айлықты төлеуді де талап етеміз. Бірақ компания бұған келіспей отыр, - деді Азаттыққа кәсіподақ төрағасы Марат Мирғаязов.

"АрселорМиттал Теміртау" жұмысшылары жалақысын көтеруді тамыз айында көтерген болатын. Мирғаязовтің пікірінше, егер жұмыс беруші сол кезде келіссөз жүргізіп, өз жоспарларын жұмысшыларға уақытында хабарлап отырғанда, онда қазіргідей наразылық болмауы да мүмкін еді. "АрселорМиттал Теміртау" кеншілермен келіссөздің жалғасып жатқаны туралы ақпаратқа кейінірек комментарий беретінін хабарлады.

ОҚЫҢЫЗ: Ереуілге шыққан кеншілер "қайтпауға бекінген"

Кеншілер компания басшылығына бірнеше талап қойып отыр. Олардың ең негізгілері арасында жалақыны 100 пайызға өсіру, еңбекке жарамсыздық парағы бойынша төлемді 100 пайызға дейін толық төлеу, өзге тарифтерді төлеу, шахталардың материалдық-техникалық базасын жақсарту талабы бар.

  • 16x9 Image

    Елена ВЕБЕР

    Елена Вебер - шығармашылық псевдоним. Елена - 2010 жылдан бері Азаттықтың Қарағанды облысы бойынша тілшісі. Теміртау қаласында тұрады. ҚарҰУ-дің филология факультетін бітірген.

XS
SM
MD
LG