"Журналистерді қорғау комитеті" (Committee to Protect Journalists - CPJ) әлемде түрмеде отырған журналистер саны биыл бұрын-соңды болмаған көрсеткішке жеткенін мәлімдеді. "Бұл - халықаралық қауымдастықтың баспасөз бостандығы саласындағы әлемдік дағдарысты еңсеруге қауқарсыз екенін көрсетеді" делінген комитеттің түрмеде отырған журналистер туралы жыл сайынғы зерттеуінде.
Нью-Йоркте орналасқан ұйымның 13 желтоқсанда жариялаған зерттеуі бойынша, әлемде кәсіби қызметіне байланысты 262 журналист қамауда отыр. 2016 жылы әлемде түрмеде жабылған журналистер саны 259 болған.
CPJ-ның биылғы зерттеуінде 1 желтоқсанға дейінгі есеп бойынша мемлекеттік түрмелерде отырған журналистер ғана айтылады. Осы жыл ішінде түрмеге жабылып, бостандыққа шыққандар мен із-түзсіз жоғалғандар немесе үкіметтік емес топтар ұстап отырған журналистер есепке алынбаған.
Ұйым биыл да кәсіби қызметі үшін түрмеге жабылған журналистердің жартысынан көбі Түркия, Қытай және Египет түрмелерінде отырғанын айтады. Бұл елдерде кем дегенде 134 журналист түрмеде отыр. CPJ мәлімдемесінде АҚШ пен Батыстың басқа да елдері аталған үш елдің билігіне "баспасөз бостандығының өте ауыр жағдайын" жақсарту мақсатында қысым көрсетпегенін айтады.
CPJ Түркияда былтыр шілде айындағы мемлекеттік төңкеріс жасау әрекетінен соң БАҚ-қа соқтығу жиілегенін айтады. 73 журналист қамауда отырған Түркия осымен екінші жыл қатарынан "әлемдегі түрмеде ең көп журналист отырған мемлекет" аталды. Ең көп журналист түрмеге жабылған елдер арасында Әзербайжан (10 журналист) да бар.
Әлемдегі түрмеге түскен журналистердің төрттен біріне жуығы "мемлекетке қарсы қызметі" үшін қудаланған. CPJ олардың көпшілігі "терроризмге қарсы іс-қимыл туралы анық емес әрі жалпылама түсініктегі заңдар бойынша" түрмеге жабылғанын айтады. Бұдан өзге, бірнеше мемлекетте 35 журналис ешқандай айып тағылмастан түрмеге қамалған.