Accessibility links

Еуропарламент Астанамен кеңейтілген ынтымақтастық келісімін мақұлдады


Еуропа Одағының туы (Көрнекі сурет).
Еуропа Одағының туы (Көрнекі сурет).

"Еуропа парламенті 12 желтоқсанда Қазақстанмен кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімді мақұлдады" деп хабарлады Еуропа Одағының (ЕО) саясаты туралы хабар тарататын Euractiv ақпараттық сайты.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі (СІМ) 13 желтоқсанда Facebook-те Страсбургте өткен дауыс беруде Еуропа парламенті "Қазақстан мен ЕО арасындағы кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімді көпшілік дауыспен мақұлдағанын" хабарлады. Euractiv сайтының мәліметінше, келісімді 511 депутат қолдап, 115 депутат қарсы дауыс берген, 28 депутат қалыс қалған.

150 парақтан тұратын келісімге Қазақстан мен ЕО 2015 жылы 21 желтоқсанда Астанада қол қойған. Бұл келісім 1999 жылдан бері қолданыста болған келісімді алмастырады.

Қазақстан СІМ мәліметінше, құжатта 29 салада, оның ішінде экономика мен сауда бойынша ынтымақтастық орнату жайы қамтылған.

Еуропа парламентінің латвиялық депутаты Ивета Григуленің айтуынша, қазірге дейін келісімді ЕО-ның 28 мемлекетінің 18-і ратификациялаған.

Қазақстан соңғы бірнеше жыл бойы әлемдік баспасөз еркіндігі рейтингінде төменгі орындарда тұр. Құқық қорғау ұйымдары Қазақстан билігін өзгеше ойлау мен адамның негізгі еркіндіктерін басып-жаншиды, азаматтарды саяси себептермен қудалайды деп сынайды. Қазақстан басшылығы бұл айыпты терістейді.

XS
SM
MD
LG