Accessibility links

Полиция: ЭКСПО алдында Астанадан үй-күйсіз кезбелерді шығардық


Астанадағы EXPO-2017 көрмесінің басталуына қанша күн қалғанын есептеп тұрған табло. 5 маусым 2017 жыл.
Астанадағы EXPO-2017 көрмесінің басталуына қанша күн қалғанын есептеп тұрған табло. 5 маусым 2017 жыл.

Астана қалалық ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметінің басшысы Бақытжан Малыбаев жазда өткен халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесі қарсаңында қаладан 200-ге жуық үй-күйі жоқ кезбенің шығарылғанын жария қылды. Бұл туралы Малыбаев тұрғындармен есептік кездесуінде айтты. Кездесуде тұрғындар күн суытқалы бері қалада үй-күйсіз кезбелердің көбейіп кеткенін айтып, шағымданған.

"Жазда ЭКСПО қарсаңында біз 200-дей адамды тым болмаса көрінбесін деп Ақмола және Қарағанды облыстарындағы емдеу мекемелеріне жөнелттік. Бірақ енді Қазақстанда ЭКСПО өте ме, өтпей ме оны ешкім білмейді. Еліміздің беделі үшін біз үй-күйсіз кезбелердің құқығы мен мүдделеріне нұқсан келтірмеуіміз керек" деді Малыбаев.

Ол үй-күйсіз кезбелердің Астанаға аймақтардан келгенін, полиция оларды бейімдеу орталықтарына апаратынын, бірақ олардың ол жерде тұрғысы келмейтінін айтты.

Биыл жаздың басында әлеуметтік желілерде "Астанадағы үй-күйсіз жүрген кезбелердің Қарағанды, Көкшетау және Петропавлға жөнелтілгені" туралы ақпарат тараған. Ол кезде Ақмола, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарының ішкі істер департаменттері бұл ақпаратты жоққа шығарған.

XS
SM
MD
LG