АҚШ-та Иранның БҰҰ санкциясын бұзып, Йемендегі хусит көтерілісшілеріне қару-жарақ жеткізгеніне нақты дәлелдер бар. Бұл жөнінде АҚШ-тың БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Никки Хейли мәлімдеді.
14 желтоқсанда Вашингтонда әскери қоймада баспасөз мәслихатын өткізген АҚШ қорғаныс министрлігінің қызметкерлері қару-жарақ бөлшектерін көрсетіп, Никки Хейли оларды "бұлтартпас айғақ" екенін айтты.
"АҚШ Иран режимінің тұрақсыздық орнатуды көздейтін әрекетіне ерекше назар аударып, Иранға қатысты жаңа саясат ұстанады. Бұл - біз ядролық бағдарламаға ғана мән беріп отырмыз деген сөз емес. Біз сонымен бірге Иранның баллистикалық зымыран, қару-жарақты экспорттау және терроршыларға, содырларға және диктаторларға қолдау көрсету бағдарламаларын мұқият зерттеп отырмыз" деді Хейли журналистерге.
Көрсетілген қару-жарақта Йемен территориясынан Сауд Арабиясының астанасы Эр-Рияд халықаралық әуежайы маңына атылған жақын радиуста әрекет ететін зымыранның таңбасы Иранға тиесілі екені байқалады. Сонымен қатар Йеменде Сауд Арабиясы күштері тапты делінген ұшқышсыз басқарылатын ұшақ, танкіге қарсы қолданылатын қару да көрсетілді.
БҰҰ қарарына сәйкес, Тегеранға қару-жарақ сатуға, тасымалдауға және беруге тыйым салған. БҰҰ сонымен қатар Йемендегі көтерілісшіл хуситтерге қандай да бір қару-жарақ жеткізуге тыйым салатын қарар да қабылдаған.
Таяу Шығыста Сауд Арабиясын өзіне жау көретін Тегеран "Иран хуситтерге қару-жарақ жеткізеді" деген айыпты жоққа шығарады. Сауд Арабиясы - Вашингтонның Таяу Шығыстағы серіктесі.