Accessibility links

Белсенді Егеубаевтің апелляциялық шағымын қанағаттандырмады


Айдын Егеубаев, белсенді.
Айдын Егеубаев, белсенді.

Астана қалалық соты Сарыарқа аудандық сотының белсенді Айдын Егеубаевқа шығарған үкімін аздап өзгертті, бірақ бас бостандығын екі жылға шектеу жазасын сол күйі қалдырды. Сарыарқа аудандық соты биыл қарашада Егеубаевқа "кәсіпкер Нұрлан Биялдиловтің абыройы мен қадыр-қасиетін қаралайтын және "Бәтуа" компаниясының іскерлік беделіне нұқсан келтіретін жала жабу сипатындағы мәлімет таратты" деп айыптап, бас еркіндігін екі жылға шектеуге және 100 мың теңге "моральдық өтемақы" төлеуге үкім кескен. Үкім бойынша, Егеубаев екі жыл бойы пробациялық бақылауда болмақ.

14 желтоқсанда Астананың апелляциялық соты "жала жабу" айыбын жеңілдетті. Атап айтқанда, Егеубаев істеді делінген "өзге адамның абыройы мен қадыр-қасиетін қаралайтын немесе оның іскерлік беделіне нұқсан келтіретін көпе-көрінеу жалған ақпарат тарату" әрекетінен "ауыр зардапқа әкеліп соқтырды" деген пункт алынып тасталды.

- Сарыарқа аудандық сотының 2017 жылдың 2 қарашасында Егеубаевқа шығарған үкімі өзгертілсін. Егеубаевтың іс-әрекетін дәрежелеу Қылмыстық кодекстің 130-бабының 3-бөлігінен 2-бөлігіне ауыстырылсын. Сипаттау-дәлелдеу және қорытынды бөлімінен Биялдиловтің шағымын [Егеубаевтан 87 миллион теңге көлеміндегі моральдық шығын өндіріп алу туралы азаматтық шағым] азаматтық сот өндірісі тәртібімен қарау құқығы бар деп тану туралы тұжырымы алынып тасталсын. Үкімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылсын, - деді судья.

"Бәтуа" компаниясының құрылтайшысы Нұрлан Биялдилов сот отырысына қатысқан жоқ. Ол бұған дейінгі сот отырыстарына да қатыспаған. Биялдиловтің мүддесін сотта оның өкілі қорғады.

Апелляциялық шағымы қаралған сотқа Егеубаев қазақ тілінен орыс тіліне аударатын көмекшісімен бірге келді. Ол алғашқы сот инстанциясында өзінің сөзін "дұрыс аудармағанын" айтты. Белсенді Сарыарқа аудандық соты "Бәтуа" компаниясының қызметі туралы өзі келтірген "фактілерді" елемей қойды деп біледі.

Апелляциялық сот шешімі оқылған соң залда отырған Егеубаевтің жақтастары "Масқара!" деп айқайлады. Белсенді апелляциялық сот шешіміне көңілі толмайтынын айтты.

- Аппеляциялық шағымды қанағаттандырған жоқ. Сарыарқа аудандық сотының үкімін күшінде қалдырды. Ешқандай өзгеріс болған жоқ деп айта аламыз. Енді біз жоғары инстанция, жоғары сотқа дейін шағымданамыз, - деді Айдын Егеубаев.

"Бәтуа" компаниясы өткен айдың соңында Айдын Егеубаевті "жала жабу сипатындағы" ақпарат таратты деп тағы да айыптап, жаңадан талап-арыз түсірген. Егеубаевтің қоғамдық қорғаушысы Мақсат Ілиясұлының Азаттыққа айтуынша, бұл талап-арыз да бұған дейінгі шағыммен бірдей.

Сарыарқа аудандық сотында қаралған жеке айыптау шағымында Newtimes.kz сайтында "қытайлықтар Қазақстан жерін ендігі иеленіп алғаны туралы" мақала шыққаны айтылған. Шағымда сонымен қатар "Бәтуа" компаниясын құрушылар қатарында Қытай азаматы жоғы" да айтылған. Шағымданушы белсенді компанияда қытайлық азамат барын айтып, компания беделіне нұқсан келтірді деген.

Егеубаев өзінің айыбын жоққа шығарады. Оның адвокаты Фатима Берсанова жарыссөзде іс материалында жала жабу мен қылмыс жасалғанын дәлелдейтін айғақтар келтірілмегенін және шағымданушының материалдық әрі моральдық шығын тартқанын дәлелдейтін құжаттар да жоғын мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG