"Журналистерді қорғау комитеті" (Committee to Protect Journalists - CPJ) халықаралық ұйымы Тәжікстан билігінен танымал журналист әрі Көңілді тапқырлар клубының (КТК) жетекшісі Хайрулло Мирсаидовті босатуды талап етті. Мәлімдеме CPJ-ның ресми сайтында жарияланды.
Нью-Йоркте орналасқан CPJ-ның атқарушы директоры Роберт Махони Хайрулло Мирсаидовтің қамалғанын сынады. "Еркін баспасөзі жоқ елде Мирсаидов секілді журналистер өзінің маңызды қызметі үшін ойдан құрастырылған айыппен абақтыда отырмай, керісінше құрметтелуі тиіс", - дейді Махони.
Бұдан бұрын Human Rights Watch (HRW) құқық қоғрау ұйымы мен Норвегия Хельсинский комитеті де Хайрулло Мирсаидовті босатуға шақырған.
5 желтоқсанда Хайрулло Мирсаидовті Соғды облысының прокуратурасына шақырып, сол күні оны тұтқынға алған. Оған қарсы төрт бірдей қылмыстық іс қозғалған. Оған "қаржыны талан таражға салу", "діни, нәсілдік және ұлт араздықты қоздыру" сияқты баптар бойынша айыптар тағылған.
Хайрулло Мирсаидовтің туыстары оның өзіне тағылған айыптарды терістейтінін айтады.
Осыған дейін Хайрулло Мирсаидов өзінің жергілікті билікпен келіспегенін жариялаған. "Мен 8 қарашада ел президенті Эмомали Рахмонға, бас прокурор Юсуф Рахмонға және Соғды облысы төрағасы Абдурахмон Кодириге жергілікті биліктің парақорлығын айтып, ашық хат жазуға мәжбүр болғанмын" деп мәлімдеген журналист.
Мирсаидов әр жылдары "Неміс толқыны" (Deutsche Welle) радиосында, Asia Plus агенттігі мен басқа да БАҚ-та жұмыс істеген. Ол адам құқығы мәселелерін жазып, экология және аз ұлттар мәселесін көтеріп жүрген.