Accessibility links

Сенат комитеті БАҚ туралы заң жобасын талқылады


Елдос Нәшірәлі, ақпарат және коммуникация министрлігі БАҚ саласындағы мемлекеттік саясат департаментінің директоры. Астана, 15 желтоқсан 2017 жыл.
Елдос Нәшірәлі, ақпарат және коммуникация министрлігі БАҚ саласындағы мемлекеттік саясат департаментінің директоры. Астана, 15 желтоқсан 2017 жыл.

Парламент сенатының әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитеті жұма күні Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне ақпарат және коммуникациялар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын талқылады. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, талқылауға комитет мүшелері, ақпарат және коммуникация министрлігінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері қатысты.

Ақпарат және коммуникация министрлігі БАҚ саласындағы мемлекеттік саясат департаментінің директоры Елдос Нәшірәлі мәжіліс қолдаған заң жобасының кейбір баптарына қатысты сенаторлар қойған сұрақтарға жауап берді. Министрлік өкілі жобада мемлекеттік органдарды журналистердің материал дайындау үшін жолдаған сауалына 7 күнде жауап беруді, журналистерге азаматтардың жеке басына қатысты, атап айтқанда қаржылық жағдайы, есепшоты, бала асырап алуы сияқты ақпараттарды олардың рұқсатымен жарялауды міндеттейтін талаптар қарастырылғанын айтты. Талқылауда сенатор Мұрат Бақтиярұлы жаңа заң жобасы журналистер қызметін шектейді деген пікірін білдірді. Оның айтуынша, Қазақстан конституциясында сөз бен шығармашылық еркіндігіне кепілдік берілген. Сенатор көптеген өркениетті елде, мысалы АҚШ-та "БАҚ туралы заң жоғын" айтты.

Министрлік өкілі заң жобасы дайындалғанда коституциядағы "адамның жеке өміріне қол сұғуға жол берілмейді" деген бап басшылыққа алынғанын айтты. "Соған сәйкес, азаматтың жеке басына қатысты, дәрігерлік мәліметтері болсын, олардың барлығы құпия болып саналады және оны жариялау үшін рұқсат алу керек. Бұл нормалардың барлығы басқа да заңнамаларда бұрыннан бар. Біз енді осыны бір заңға жинамақпыз" деді ол.

Сенаторлар заң жобасын 21 желтоқсанда сенаттың пленарлық отырысында талқылайтын болып шешті.

XS
SM
MD
LG