Accessibility links

Шымкенттіктер жарық бағасын өсіруге қарсы болды


Тұрғын Гүлвира Бектемісова қоғамдық тыңдауда жарық бағасының көтерілуіне наразылық білдіріп тұр. Шымкент, 15 желтоқсан 2017 жыл.
Тұрғын Гүлвира Бектемісова қоғамдық тыңдауда жарық бағасының көтерілуіне наразылық білдіріп тұр. Шымкент, 15 желтоқсан 2017 жыл.

"Жұма күні Шымкенттегі оқушылар сарайында өткен қоғамдық тыңдауда жарықтың бағасын өсіруге тұрғындар наразылық танытты" деп хабарлайды Азаттық тілшісі. Екі сағатқа созылған жиынға жергілікті әкімдік өкілдері, мәслихат депутаттары, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері және тұрғындар қатысты. Жиынға жүзден аса адам жиналды.

Жиынға облыстық табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаментінің басшысы Бақтияр Аталықов төрағалық етті. Баяндамашы "Энергопоток" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының міндетін атқарушы Рустам Ахметов электр қуатының бағасын 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап жеке тұлғаларға 13 теңге 25 тиыннан 14 теңге 5 тиынға көтеру, заңды тұлғаларға 22 теңге 21 тиыннан 26 теңге 80 тиынға қымбаттату туралы ұсыныс жасады. Бұған тұрғындар наразылық білдірді. Ахметов электр қуатының бағасын өсіру электр қуатын өндіру мен тасымалдау құнының артуынан және жұмысшылардың жалақысын өсіру қажеттігінен туып отырғанын айтты.

- Тарифті халықтың қалтасы көтерсе, қымбаттатасыздар. Қазір тарифтердің бәрі қымбат. Тұрғындардың жалақысы аз. Жұмыс жоқ. Бір отбасында бір адам ғана жұмыс істейді. Мұнымен халықтың наразылығын тудырасыздар, - деді қала тұрғыны Гүлвира Бектемісова жарық бағасын көтеруге қарсылық білдіріп. Тұрғынның сөзін бірнеше адам қолдап, пікір білдірді.

"Нұр Отан" партиясының Шымкент қалалық филиалының төрағасы Өмірзақ Мелдеханов та тарифтердің көтерілуі халықтың наразылығын тудырып отырғанын айтты.

Бақтияр Аталықов жарық бағасын өсіру мәселесі комитетте әлі талқыланатынын айтты.

XS
SM
MD
LG