Мәскеудің Замоскворецкий соты 15 желтоқсанда Ресейдің бұрынғы экономикалық даму министрі Алексей Улюкаевты "Роснефть" компаниясының басшысы Игорь Сечинді бопсалап, одан пара алды деп таныды.
Айыптау тарапы Улюкаевқа бұл айып бойынша 10 жылға бас бостандығынан айырып, жазасын қатаң режимдегі колонияда өтеу және 500 миллион рубль айыппұл салу үкімін кесуді сұраған.
Улюкаевтың өзі кінәсіз екенін бірнеше рет мәлімдеген. Ол өзін ұстау мен қылмыстық іс қозғауды "Роснефть" мен Ресей Федералдық қауіпсіздік қызметінің арандатуы деп біледі. "Роснефть" басшысы Игорь Сечин сотқа бір де бір рет келмеді. Компания баспасөз қызметі басшысының "қолы бос емесін" мәлімдеген.
Алексей Улюкаев өткен жылдың қарашасында "Роснефть" кеңсесінде ұсталып, содан бері үйқамақта отыр. Тергеу болжамына қарағанда, ол Игорь Сечиннен "Башнефть" компаниясын сатып алу келісіміне оң баға беру үшін екі миллион доллар пара бопсалаған.