Бүгін Семей қаласында онға жуық азаматтық белсенділер мен Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) өкілдері 1986 жылы Алматыдағы қазақ жастарының билікке наразылық шеруіне қатысқан Қайрат Рысқұлбековтің ескерткішіне гүл қойып, Желтоқсан оқиғасына қатысқандардың ерлігіне тағзым етті. Сонымен бірге олар алты жыл бұрын Жаңаөзенде болған оқиға құрбандарын да еске алды.
- Жаңаөзенде 2011 жылы желтоқсанда көшедегі бейбіт халық пен еңбек құқығын қорғаған адамдарды асқан қатыгездікпен атқаны ешқашан ұмытпаймыз. Қашып бара жатқан қарусыз адамдарды ту сыртынан атқан сұмдық көрініс өмір бойы жадымызда қалды. Біз бұны ұмытпауға және одан сабақ алуға тиіспіз, - деді ЖСДП-ның жергілікті ұйымының жетекшісі Майра Әбенова.
1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқаны үшін сот 21 жастағы студент Қайрат Рысқұлбековке өлім жазасын шығарған. Кейін оны 20 жыл түрме жазасына ауыстырды. 1988 жылы мамырдың 21-і күні Семей түрмесінде жұмбақ жағдайда қаза болған Қайрат Рысқұлбеков кейін ақталып, марқұмға Қазақстанның ең жоғарғы мемлекеттік наградасы – "Халық қаһарманы" атағы берілген. Ол Семей қаласында жерленген.
Бүгін Қазақстан жұртшылығы тәуелсіздік мерекесін атап өтіп жатыр. Сонымен бірге бұл күні елдегі бірқатар қалаларда 1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан оқиғасы мен 2011 жылы Жаңаөзен қаласында полиция жаппай оқ атқан кезде құрбан болғандарды еске алу шаралары өтті.