Accessibility links

БҰҰ Ресейді "басқыншы" деп атаған қарарды мақұлдады


БҰҰ Бас ассамблеясы (Көрнекі сурет).
БҰҰ Бас ассамблеясы (Көрнекі сурет).

БҰҰ Бас ассамблеясы Ресей аннексиялап алған Қырымда адам құқықтарының бұзылғанын қатаң айыптап, Ресейді түбектегі "оккупация жасайтын күш" деп бағалайтын қарарды мақұлдады. Украина мен басқа 30 ел ұсынған қарарды 70 мемлекет қолдады. 26 мемлекет, оның ішінде Ресей, Беларусь, Қазақстан және Қытай қарарға қарсы дауыс берді.36 мемлекет қалыс қалды.

Украинаның БҰҰ-дағы тұрақты өкілдігі қарар Украина мен Ресей арасында қарулы қақтығыс болғанын растайтынын және Мәскеу 2014 жылы аннексиялап алған территорияда Ресей заңдарының шектен тыс қолданылғанын айыптайтынын айтты. Украинаның сыртқы істер министрі Павел Климкин қарар БҰҰ қабылдаған «ең қатаң» қарарларының бірі екенін мәлімдеді. «Ресейге қысым күшейіп барады» деп жазды Климкин Twitter-де. Бас ассамблея Қырымдағы адам құқықтарының бұзылғанын айыптайтын алғашқы қарарын былтыр қабылдаған.

БҰҰ-дағы украин дипломаттары Ресей БҰҰ-ға мүше мемлекеттерге қарарға қарсы дауыс беру немесе қалыс қалу үшін «үлкен қысым жасағанын» айтты. Ресей қырымдықтар 2014 жылы наурызда өткен референдумда Ресейге қосылуға дауыс берді деп біледі. Бірақ халықаралық қауымдастық ол референдумды заңсыз өткізілді деп мойындамаған.

Украинаның БҰҰ-дағы өкілдігі қарар Ресей басып алған территориядағы Украина азаматтарын күштеп қоластына алып жатқанын айыптап, заңсыз тұтқында отырған украиндықтарды босатуға шақыратынын айтады. Қарар Қырымдағы адам құқығын бұзудың барлық түрін, оның ішінде «жөнсіз ұстап, азаптауды және басқа да адамшылыққа жат әрекеттерді» дереу тоқтатуға үндейді.

XS
SM
MD
LG