Алматыда сәрсенбіде белгілі актер Құман Тастанбековпен қоштасу рәсімі өтті. Tengrinews сайтының хабарлауынша, Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрында өткен қоштасуға жүздеген адам жиналды.
"Қыз Жібек" фильмінде Төлегеннің рөлін ойнаған 72 жастағы Құман Тастанбеков 17 желтоқсанда Ақтау қаласында қайтыс болды. Марқұмның мәйітін ұшақпен Алматыға жеткізді.
Актерді танымал еткен Сұлтан Қожықовтың "Қыз Жібек" фильмі 1969-1970 жылдары түсірілді. Актер бұдан басқа "Аққулар ұшып келеді", "Махаббат жаңғырығы", "Провинциялық хикая", "Ағама арналған қалыңдық", "Ағам менің", "Көшпенділер", "Махамбет" және басқа да фильмдерге түскен. Театрда Мұхтар Әуезовтің "Айман-Шолпан", "Қарагөз" және "Еңлік-Кебек", Шыңғыс Айтматовтың "Ана-Жер-Ана" және "Ақ кеме", Әбдіжәміл Нұрпейісовтің "Қан мен тер" және басқа да көптеген спектакльдерде түрлі рөлдерді ойнады.