Accessibility links

ІІД: ОҚО тұрғыны мектепке де бомба қойылды деп хабарлаған


Оңтүстік Қазақстан облысының картадағы орны (Көрнекі сурет).
Оңтүстік Қазақстан облысының картадағы орны (Көрнекі сурет).

"Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданындағы мектепке жарылғыш зат қойылғаны туралы жалған ақпарат берген адам ұсталды" деп хабарлайды Азаттыққа облыстық ішкі істер департаментінің (ІІД) баспасөз қызметі.

"2017 жылдың 19 желтоқсанында Қазығұрт аудандық ішкі істер бөліміне мектептердің бірінің директоры арызданып, белгісіз адам телефон арқылы оқу орнына жарылғыш зат қойылғанын айтқаны туралы хабарлаған. Оқиға орнына облыстық ішкі істер департаментінің, аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері мен басқа да құрылым өкілдері жіберілді. Полицейлер мектептегі және жақын аумақтағы адамдарды жедел эвакуациялады" делінген хабарламада.

Полицияның мәліметінше, ұсталған күдікті Алматы қаласындағы кеңселердің біріне де жарылғыш зат қойылғанын хабарлап, жалған ақпарат бергені анықталды.

Тексеру кезінде жарылғыш зат табылмай, хабарлама жалған болып шыққан. Бұл оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің 273-бабымен ("Терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау") іс қозғалған.

Күдікті жүйке аурулары диспансерінде есепте тұратын болып шықты.

Қазір аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдікті уақытша ұстау изоляторында қамауға алынған.

19 желтоқсанда Алматы қалалық ішкі істер департаментіне белгісіз адам телефон шалып, Төле би мен Байтұрсынов көшесіндегі кеңселердің біріне бомба қойылғанын хабарлаған. Ғимарат аймағы қоршауға алынған. Іздеу шараларын полиция жасағы мен арнайы және жедел әрекет ету қызметі жүргізген. Бірақ бомба табылмаған. Кейін ІІД жалған ақпар таратты деп 22 жастағы ОҚО тұрғыны ұсталғанын хабарлаған.

Қазақстанда осыған дейін бомба қойылғаны туралы қоңырау шалу оқиғалары бірнеше рет болған. Бомба қойылғаны туралы ақпараттардың басым бөлігі жалған болып шығады. Қазақстанда терроризм актiсi туралы жалған хабар таратқан адам қылмыстық жауапқа тартылып, алты жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

XS
SM
MD
LG