Accessibility links

Бішкек Бакиев пен оның бауырын сырттай тағы соттады


Құрманбек Бакиев, Қырғызстанның бұрынғы президенті.
Құрманбек Бакиев, Қырғызстанның бұрынғы президенті.

Бішкектің Октябрь аудандық соты Қырғызстанның бұрынғы президенті Құрманбек Бакиев пен оның туған бауыры Жаныбек Бакиевті сырттай тағы 10 жылға соттады. Бакиевтерге қарсы қылмыстық іс екі жыл бұрын қозғалған. Оларға 262 гектар жерді өз атына заңсыз аударып алды деген айып тағылған.

Судья Дамирбек Назаровтың айтуынша, бұған дейінгі және соңғы сот үкімімен қоса алғанда Құрманбек Бакиев 30 жылға сотталған, ал оның бауыры Жаныбек Бакиевке өмір бойы бас еркіндігінен айыру жазасы кесілген.

Бұл іс бойынша Бакиевтерден өзге бірнеше шенеунік сотталды. Парламенттің бұрынғы депутаты Карганбек Самаков 10 жылға бас бостандығынан айрылды. Бұрынғы вице-премьер Искендер Айдаралиевке, экс-премьер және қазіргі парламент депутаты Игорь Чудиновке 5 миллион сом (шамамен $70 мың.) айыппұл салынды.

Құрманбек Бакиев "Настоящее Время" телеарнасына берген сұхбатында жерге қатысты іс бойынша өзіне ешкім хабарласпағанын мәлімдеген.

Қырғызстанда Бакиев пен оның бауырына оннан астам қылмыстық іс қозғалып, олардың бірқатарында үкім сырттай шығарылған.

Құрманбек Бакиев 2010 жылы 7 сәуірдегі халық толқуларынан соң Қазақстан арқылы отбасымен елден қашқан. Сәуір оқиғасына байланысты ол сырттай өмірлік түрме жазасына кесілген. Қазір ол Беларусьте тұрып жатыр.

XS
SM
MD
LG