Еуропа Одағы (ЕО) Батыс Балқан елдері мен "Шығыс әріптестігі" бағдарламасына мүше мемлекеттерді ұйымдасқан қылмыс және коррупциямен күресті күшейтуге шақырды. ЕО-ның ішкі істер бойынша жоғары комиссары Дмитрис Аврамопоулос 20 желтоқсанда Азаттыққа берген сұхбатында әсіресе Украина мен Молдованың реформалар жүргізуді жеделдетуі керегін баса айтты. Оның сөзінше, Батыс Балқан елдері мен "Шығыс әріптестігі" бағдарламасына мүше елдер "заңсыз миграция, ұйымдасқан қылмыс және әсіресе коррупциямен күресті күшейтуі қажет".
Еуропа комиссиясы бұған дейін Албания, Босния-Герцеговина, Грузия, Македония, Молдова, Монтенегро, Сербия және Украинаның ЕО-мен визасыз режим тәртібін қалай іске асырып жатқаны және заң үстемдігін орнату реформаларын қалай орындап жатқаны туралы есебін жариялаған.
"Шығыс әріптестігі" бағдарламасы 2009 жылы ЕО-ның бастамасымен құрылды. Бұл бағдарламадағы үш ел - Украина, Грузия және Молдова ЕО-мен ассоциация туралы келісім жасасып үлгерді. Осы арқылы еркін сауда аумағы құрылған. Грузия мен Украина азаматтары Шенген келісіміне кіретін елдерге визасыз кіре алады. Ресей "Шығыс әріптестігі" өз экономикасына қауіпті екенін бірнеше мәрте мәлімдеген. Брюссель бұл айыптарды жоққа шығарып отыр.