Accessibility links

Мемлекеттік департамент Украинаға жеңіл қару түрлерін сатуды қолдады


Хизер Нойерт, АҚШ Мемлекеттік департаментінің ресми өкілі.
Хизер Нойерт, АҚШ Мемлекеттік департаментінің ресми өкілі.

АҚШ Мемлекеттік департаменті америкалық өндірушілердің Украинаға кейбір атыс қарулары мен жеңіл қару-жарақ түрлерін сатуына рұқсат беруді мақұлдады. Мемлекеттік департаменттің ресми өкілі Хизер Нойерт 20 желтоқсанда департамент қару-жарақ экспортына рұқсат беру туралы шешімін Конгреске 13 желтоқсанда хабарлағанын айтты.

Лицензия калибрі 50 миллиметрге дейінгі жартылай автоматты және және автоматты атыс қаруларын, әскери қару, нысана көздеуіштер, супрессорлар мен олардың қосалқы бөлшектерін сатуға рұқсат береді. Бірақ Украинаға танкіге қарсы қолданылатын зымыран сияқты ауыр қару-жарақ түрлерін сатуға рұқсат жоқ. Украина бұған дейін Донецк және Луганск облыстарындағы ресейшіл сепаратистермен соғыста әскери қуатын күшейту үшін АҚШ-тан танкіге қарсы қолданылатын зымырандар беруін сұраған болатын.

Украинаға қару-жарақ экспортына рұқсат беруге байланысты ақпарат әрқилы болып тұр. Washington Post басылымының жазуынша, Мемлекеттік департаменттің мақұлдауы "АҚШ тарихында бірінші рет Украинаға қорғаныс қару-жарағын коммерциялық мақсатта сатуға рұқсат беруді" және бұрынғы саясаттан «түбегейлі бас тартуды» білдіреді. Бірақ Мемлекеттік департамент пен басқа да БАҚ бұл ақпаратты терістейді. «Бұған дейінгі екі президент әкімшілігі тұсында да Украинаға қару сатуға лицензия берілген, сондықтан бұл жаңалық емес» деді Хизер Нойерт.

XS
SM
MD
LG