Accessibility links

«Әділ сөз»: Парламент БАҚ туралы заңда журналистер пікірін елемеді


Тамара Калеева, "Әділ сөз" сөз бостандығын қорғау ұйымының жетекшісі.

«Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау ұйымы Қазақстан парламенті БАҚ туралы кейбір заңнамалық актілерге түзетулер мен өзгерістер енгізу жобасын дайындап, қабылдауда журналистер мен белсенділердің және үкіметтік емес ұйымдардың пікірін елемегенін мәлімдеді.

Парламент сенаты бейсенбіде пленарлық отырысында «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне ақпарат және коммуникациялар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын мақұлдаған. Сенатта ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев БАҚ өкілдері министрлік енгізген өзгерістерді «толық қолдайтынын» мәлімдеген.

Бірақ ұйым 21 желтоқсанда таратқан мәлімдемесінде заң жобасын дайындаған ақпарат және коммуникация министрлігі мен парламент мәжілісі «Әділ сөз» бен басқа да ҮЕҰ сарапшылары және БАҚ өкілдерінің негізгі ұсыныстары мен қарсылықтарын еш себепсіз қабылдамай қойғанын айтады.

«Әділ сөз» бұған дейін сенатқа ондаған журналист пен азаматтық белсенді және үкіметтік емес ұйымдар аталған заң жобасын қабылдамауды сұрап, хат жолдағанын айтады. Ұйым бұның себебі заң жобасы журналистерді азаматтың жеке басы мен жанұясының құпия мәліметтерін жариялау үшін рұқсат алуға міндеттеп, коррупциямен күреске кедергі келтіреді деп біледі. Ұйым бұған қоса құжат көпшіліктің қоғамдық маңызы бар ақпарат алу құқығын шектеп, БАҚ-ты қадағалайтын және жазалайтын уәкілетті органның өкілеттігін кеңейтіп, штатын ұлғайтады деп қауіптенеді.

Сөз бостандығын қорғау ұйымы «сөз бостандығына қауіп төндіретін және қоғамның мүддесіне жауап бермейтін» заңның қабылданып кетуіне жол бермеудің соңғы мүмкіндігін пайдаланып, ел президентінен заңға вето қоюды сұрамақ.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

AzattyqTV

Алматының "Буревестнигі" СССР чемпионы болған кез
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:58 0:00

Фотогалерея

XS
SM
MD
LG