Accessibility links

Шымкентте ішкі саясат басқармасы басшысының соты басталды


Шымкент қаласының Абай аудандық соты. 22 желтоқсан 2017 жыл.
Шымкент қаласының Абай аудандық соты. 22 желтоқсан 2017 жыл.

Шымкенттегі Абай аудандық соты 22 желтоқсанда «пара алды» деген күдікпен ұсталған Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Болатбек Төлегеннің ісін қарай бастады деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

Сотқа аудандық сот төрағасы Сайдыбаттал Тоқбергенов төрағалық жасап отыр.

Сот отырысына айыпталушы мен оның адвокаты, прокурор мен куәгерлер қатысып жатыр. Жәбірленуші Ибраһим Есжанов сот отырысына қатыспады.

«Ішкі саясат басқармасы облыстағы мемлекеттің ішкі саясатын жүргізетін мекеме болып саналады. Жалпы сот процесінде қызмет бабында пайдаланылатын ішкі саясат саласына қатысты мәселелер қозғалады. Бұл көпке жария болса қоғамдық резананс тууы мүмкін. Сондықтан соттан істі бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуынсыз қарауды сұраймын» деді Болатбек Төлеген. Оның сөзін адвокаты да қолдап, өзін фото және видеоға түсіруге қарсы екенін айтты.

Содан кейін судья Болатбек Төлеген мен оның адвокатын фотоға және видеоға түсіруге тыйым салды.

Айыптау актісін оқыған прокурор Ерлан Тоқсанбаев 2016 жылы облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы болып тағайындалған Болатбек Төлеген жеке кәсіпкер Ибраһим Есжановтан «пара талап еткенін» айтты. Оның сөзінше, индустриалды- инновациялық даму бағдарламасының кәсіпкерлік саласындағы материалдарды сайтта жариялау қызметі бойынша және облыстың саяси-әлеуметтік даму мәселелерін жария ету, республикалық жетістіктер туралы сайтта позитивті материалдар жариялауға екі тендер өткізілген. Онда жеке кәсіпкер Ибраһим Есжанов 7 миллион 560 мың теңге ұтқан. Басқарма басшысы жеке табыс табу мақсатында кәсіпкерден бұл соманың 2 миллион 1 жүз мың теңгесін беруді талап еткен. «Болатбек Төлеген Қылмыстық кодекстің 366-бабы 3-бөлігінің 1-тармақшасы бойынша айыпталып отыр» деді прокурор.

Болатбек Төлеген тағылған айыпты толығымен мойындамайтынын жеткізді.

"Пара алған" деген күдікпен ұсталған басқарма басшысы 6 қазанда Шымкент қалалық ішкі істер басқармасының уақытша оқшаулау изоляторына қамалған.

XS
SM
MD
LG