2016 жылы тамыз айында Балқаш қаласында топ болып зорлау ісі бойынша шыққан сот үкімі өзгертілмеді деп хабарлайды жұма күні сотқа сілтеме жасаған жергілікті агенттіктер. Балқаш қалалық соты қазан айында бұл іс бойынша жергілікті екі тұрғынды кінәлі деп танып, 12 жылға бас бостандығынан айыру жазасын кескен.
Қарағанды облыстық сотының хабарлауынша, апелляциялық алқа судьялары тараптардың ешқайсысының талаптарын қанағаттандырмау туралы шешім шығарған. Сотталушылар апелляциялық шағымында айыптау үкімін жойып, өздерін ақтауды сұраған. Ал жәбірленушінің адвокаты сотталушыларға кесілген жазаны қатаңдатуды және азаматтық шағымды қанағаттандыру үшін алғашқы сот инстанциясының шешімін қайта қарауды сұрап шағымданған болатын.
«Апелляциялық алқа тараптардың шағымын қарап, Балқаш қалалық сотының үкімін өзгертуден бас тартты» деп хабарлады Балқаш қалалық сотының баспасөз қызметі.
Жәбірленушінің адвокаты Айман Омарова апелляциялық сот шешіміне қарсы Жоғарғы сотқа арызданатынын айтты. Адвокаттың сөзінше, жәбірленуші бұған дейін сотталушылардан өзіне 30 миллион теңге көлемінде моральдық шығын төлету туралы азаматтық талап-арызын қайта көтермек ниетте екенін айтты.
Жәбірленушінің сөзіне қарағанда, екі ер адам 2016 жылы тамызда өзін зиратқа апарып қорлап, ұрып-соққан. Ол өзін қорлағандардан әрең дегенде қашып шығып, полицияға арызданған. Бұл іс бойынша басталған тергеу әуелі жабылып, кейін оқиға БАҚ-та жарияланған соң қайта тергеліп, сотқа жеткен. Сот бұл іс бойынша куәгер, жәбірленушінің танысын сотталушылар пайдасына жалған куәлік берді деп таныған. Сот оған рақымшылық жасап, екі жарым жыл мерзімге шартты жаза тағайындаған.