Accessibility links

АҚШ-та "терактіге дайындалған" күдікті ұсталды


Сан-Франциско көшесінде, АҚШ. (Көрнекі сурет.)
Сан-Франциско көшесінде, АҚШ. (Көрнекі сурет.)

АҚШ федералдық тергеу бюросы (ФБР) агенттері Сан-Франциско қаласындағы туристік нысанға шабуыл жасамақшы болған деген күдікпен ер адамды тұтқындаған. Прокуратура өкілдерінің болжамы бойынша, Калифорния штатындағы Модесто қаласында тұратын 26 жастағы Эверитт Джеймсон "жихадшылар идеясын жақтап, Рождество мерекесі күні шабуыл жасауды жоспарлаған".

Джеймсонға өздерін "жихадшылармыз" деп таныстырған ФБР агенттері онымен бірнеше рет байланысқан. Күдікті Сан-Францискода жұрт көп баратын жағалауда орналасқан туристік ауданда жарылыс жасап, кейін адамдарға автоматтық қарудан оқ ату жоспарымен бөліскен. Айыптау қорытындысында Джеймсонның "теракт жасауды жоспарлаған ауданды жақсы білетіні" және ол жерде үнемі адам көп жүретініне сенімді болғаны айтылған. Сонымен бірге күдікті шабуылдан соң ешқайда қашпай, "өлімді қабылдауға дайын" екені туралы мәлімдеген.

Бірақ кейін ФБР агентімен телефон арқылы сөйлескен кезде Джеймсон шабуыл жасау қолынан келетініне күмәнді екенін айтып, әуелгі ойынан айнып қалғанын жеткізген.

Күдіктінің үйін тінту кезінде атыс қаруы мен оқ-дәрі, сонымен бірге алдын ала әзірлеген өсиеті табылған. Өсиетінде ол АҚШ президенті Дональд Трампты Иерусалимді Израильдің астанасы деп тану туралы шешімі үшін айыптаған.

Жұма күні федералдық сотта Эверитт Джеймсонның қорғаушысы күдіктіге тағылып отырған айыптарды жоққа шығарды. Күдіктінің әкесі ұлының "терактіге дайындалғаны" туралы ақпаратқа сенгісі келмейтінін айтқан.

2009 жылы Джеймсон теңіз жаяу әскері корпусында қысқа дайындық курсынан өткен. Бірақ денсаулығына қатысты мәліметті – демікпе ауруына шалдыққанын жасырып қалғаны анықталған соң босатылған.

Бұған дейін "Ислам мемлекеті" экстремистік тобы өз жақтастарын Батыс елдерінде Рождество мерекесі кезінде террорлық шабуылдар жасауға шақырған.

XS
SM
MD
LG