Accessibility links

АҚШ Украинаға қорғаныс қаруын бермек


Танкіге қарсы қолданатын Javelin зымыраны.
Танкіге қарсы қолданатын Javelin зымыраны.

АҚШ Украинаға "егемендігі мен территориясының тұтастығын қорғауға және агрессияның өрістеуін тежеуге" көмектесу үшін қорғаныс мақсатындағы қару-жарақ береді. Бұл туралы Вашингтонда АҚШ мемлекеттік департаментінің ресми өкілі Хизер Нойерт мәлімдеген.

Ол Украинаға көмек "тек қана қорғаныс сипатында" және АҚШ-тың Украинаның шығысындағы жанжалды Минск келісіміне сай реттеуге бейіл екені туралы айтқан.

Украинаға қару-жарақтың қандай түрі берілетінін Нойерт нақтылаған жоқ. Бұған дейін АВС телеарнасы АҚШ мемлекеттік департаментіндегі дерек көздеріне сілтеме жасап, Украинаға берілетін қару-жарақтың арасында танкіге қарсы қолданатын 210 Javelin зымыраны және 35 іске қосу қондырғысы бар деп хабарлаған. Әскери көмектің жалпы көлемі 47 миллион долларға бағаланады. АВС телеарнасының хабарлауынша, АҚШ президенті Дональд Трамп Украинаға қару-жарақ беру туралы ұсынысын жақын уақытта Конгреске жолдамақ. Конгресс 30 күннің ішінде оны қарап, шешім қабылдайтын болады.

АҚШ-тың бұрынғы президенті Барак Обаманың кезінде Ақ үй әкімшілігі Украинаға Ресеймен жанжалда қолдау танытып, Қырым аннексиясы және Донбастағы қарулы қақтығыстарға байланысты Мәскеуге қарсы санкциялар енгізгенімен Киевке соғыс қаруларын бермеген еді.

Ресей президенті Владимир Путин бұған дейін Украинаға қару-жарақ беру "Донбастағы жағдайды өзгертпейтіні", бірақ Ресейдің қолдауына сүйенетін сепаратистердің де "оларға проблема тудырып отырғандарға сезінетіндей" етіп "жанжалдың өзге аймақтарына" қару-жарақ тарата бастауына түрткі болуы мүмкін деп мәлімдеген. Алайда Путин нені меңзеп отырғаны туралы ашып айтпаған.

Желтоқсанның 23-іне қараған түні Украинаның шығысындағы жанжал аймағында "жаңа жылдық бітім" күшіне енуі тиіс болатын. Алайда қарсылас тараптар келісімді бұзып отыр деп бір-бірін айыптады.

XS
SM
MD
LG