Accessibility links

Донбаста оқ атпау туралы келісім бұзылды


Донбаста артиллериялық қарудан атып жатқан сарбаз. (Көрнекі сурет.)
Донбаста артиллериялық қарудан атып жатқан сарбаз. (Көрнекі сурет.)

Украинаның шығысындағы жанжалға қатысушы тараптар осыған дейін өзара келісілген "жаңа жылдық бітім" шартын бұзды деп бір-бірін айыптап отыр.

Келісімге сәйкес, оқ атпау туралы бітім желтоқсанның 23-іне қараған түні күшіне енуі тиіс болған. Бірақ, украиналық әскерилердің мәлімдеуінше, Ресей қолдайтын сепаратистер оқ атуды жалғастырған және артиллериялық қарудан да соққы берген. Өткен тәулікте Донбаста бір украин сарбазы қаза тапқан.

Өзін-өзі жариялап алған "Донецк халық республикасы" ("ДХР") өкілдері "оқ атпау режимін бұзды" деп Украина күштерін айыптайды. Олардың мәлімдеуінше, қарсы тарап соңғы тәулікте "14 елдімекенді атқылаған".

Украина президенті Петр Порошенко жұма күні Германия канцлері Ангела Меркель және АҚШ мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсонмен телефон арқылы келіссөздер өткізген. Порошенко Меркельмен тұтқындар айырбастау жайын, сонымен қатар осы аптада ресейлік әскерилер тастап шыққан атысты доғару режимін бақылау жөніндегі бірлескен орталықтың жұмысын талқылаған. Ал АҚШ мемлекеттік хатшысымен әңгімеде Порошенко "БҰҰ-ның бітімгерлік миссиясын Донбасқа орналастыру бойынша позициясын нақтылады" деп хабарлайды украин президентінің баспасөз қызметі.

XS
SM
MD
LG