Accessibility links

Ресей вице-министрі АҚШ-ты "соғыс отын тұтауға дем беруші" деп атады


Мәскеудегі Ресей сыртқы істер министрлігінің ғимараты.
Мәскеудегі Ресей сыртқы істер министрлігінің ғимараты.

Ресей сыртқы істер министрінің орынбасары Сергей Рябов АҚШ Украинаға қорғаныс қаруын беруді бастайтынын жариялап, "белгілі бір шектен аттап кетті" деп санайды. Ол комментарийінде америкалық қарудың "көрші елде жаңа құрбандарға әкелетіндігіне" Мәскеудің "енжарлық танытып отырмайтынын" айтқан.

Сонымен бірге вице-министр Сергей Рябков Вашингтонды "соғыс отын тұтатуға дем беруші" деп атаған.

АҚШ-тың Украинаға "егемендігі мен территориясының тұтастығын қорғауға және агрессияның өрістеуін тежеуге" көмектесу үшін қорғаныс мақсатындағы қару беретіні туралы бұған дейін АҚШ мемлекеттік департаментінің ресми өкілі Хизер Нойерт мәлімдеген.

Ол Украинаға көмек "тек қана қорғаныс сипатында" және АҚШ-тың Украинаның шығысындағы жанжалды Минск келісіміне сай реттеуге бейіл екені туралы айтқан.

Украинаға қару-жарақтың қандай түрі берілетінін Нойерт нақтыламаған. Бұған дейін АВС телеарнасы АҚШ мемлекеттік департаментіндегі дерек көздеріне сілтеме жасап, Украинаға берілетін қару-жарақтың арасында танкіге қарсы қолданатын 210 Javelin зымыраны және 35 іске қосу қондырғысы бар деп хабарлаған. Әскери көмектің жалпы көлемі 47 миллион долларға бағаланады. АВС телеарнасының хабарлауынша, АҚШ президенті Дональд Трамп Украинаға қару-жарақ беру туралы ұсынысын жақын уақытта Конгреске жолдамақ. Конгресс 30 күннің ішінде оны қарап, шешім қабылдайтын болады.

АҚШ-тың бұрынғы президенті Барак Обаманың кезінде Ақ үй әкімшілігі Украинаға Ресеймен жанжалда қолдау танытып, Қырым аннексиясы және Донбастағы қарулы қақтығыстарға байланысты Мәскеуге қарсы санкциялар енгізгенімен Киевке соғыс қаруларын бермеген еді.

XS
SM
MD
LG