Accessibility links

Қазақстан рұқсат алғанға дейін Иранға уран сатпайды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

«Қазатомөнеркәсіп» компаниясы Тегеранмен 2015 жылы ядролық келісім жасасқан әлемдік алты державадан рұқсат алғанға дейін Иранға уран жеткізуді кейінге қалдырды деп хабарлады шетелдік БАҚ. Ядролық келісім бойынша, Тегеран ядролық бағдарламасын доғарып, есесіне Иранға салынған экономикалық санкциялар жеңілдетілуі тиіс.

Британдық New Europe ақпараттық сайтының хабарлауынша, «Қазатомөнеркәсіп» төрағасы Ғалымжан Пірматов 21 желтоқсанда Астанада өткен брифингте Иранға уран концентраты ядролық келісімге қол қойған АҚШ, Ресей, Қытай, Ұлыбритания, Франция және Германияның мақұлдауынан кейін ғана жеткізілетінін айтты.«Қазатомөнеркәсіп» компаниясынsң баспасөз қызметі Азаттыққа Пірматов журналистер сұрағына жауап бергенінде уран алты ел рұқсат берген соң ғана жеткізілетінін растады.

Иран Қазақстаннан 950 тонна уран концентратын сатып алу туралы келісімге 2016 жылдың сәуірінде қол қойған. Ол келісім бойынша, уран биыл жеткізіледі деп жоспарланған, бірақ алты елден рұқсат алу мерзімі созылып кеткен соң ол кейінге қалдырылған.

Ирандық Financial Tribune сайтының Пірматовқа сілтеме жасап хабарлауынша, «Қазатомөнеркәсіп» келісім күшін 2020 жылға дейін ұзартқан және уран алты елден рұқсат алынғанына қарай 2018-2020 жылдары жеткізіледі деп жоспарланған.

«Қазатомөнеркәсіп» ақпаратына қарағанда, компания АҚШ, Қытай, Франция, Ұлыбритания, Үндістан, Оңтүстік Корея, Бельгия, Украина, Германия және Австрияға табиғи уран жеткізеді.

XS
SM
MD
LG