Accessibility links

Комиссия: Навальный сайлауға қатыспайды


Алексей Навальный Орталық сайлау комиссиясының ғимаратында тұр. Мәскеу, 24 желтоқсан 2017 жыл.
Алексей Навальный Орталық сайлау комиссиясының ғимаратында тұр. Мәскеу, 24 желтоқсан 2017 жыл.

Оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйдың Ресейде келесі жылы болатын президент сайлауына қатысу туралы өтініші қабылданбады. Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) мұндай шешіміне Навальныйдың "Кировлес" ісі бойынша сотталғанын негіз қылған.

Бұған жауап ретінде Навальный "жалпыресейлік сайлаушылар ереуіліне" шақырып, видео жариялады.

Бұл видеоны жарияламас бұрын Навальный ОСК-да өзін президентікке кандидат ретінде тіркемеу "Ресей Конституциясына қайшы" деп мәлімдеді.

Саясаткер "Кировлес" ісі бойынша сот үкімінің заңсыздығын Адам құқықтары бойынша Еуропа сотында дәлелдеп шыққанын айтты.

ОСК төрағасы Элла Памфилова Навальныйға шыққан үкімнің заңсыз не заңсыз еместігін анықтау ОСК құзырына жатпайды деп жауап берді.

ОСК-ның отырысы Youtube-те "НавальныйLIVE" арнасында көрсетілді.

2013 жылы Ресей соты Навальныйға "Кировлес" ісі бойынша бес жыл шартты жаза кескен. Адам құқықтары бойынша Еуропа соты үкімді заңсыз деп тауып, қайта қарауға жіберсе де Ресей соты саясаткерді "ақша жымқырды" деген айыптар бойынша тағы да кінәлі деп тапқан. 2017 жылы Навальный сот үкіміне және бір шағымданған.

Дүйсенбіде ОСК президент сайлауына кандидат ретінде тіркеу туралы кәсіпкер Сергей Полонский мен журналист Олег Лурьенің өтініштерін де қабылдамады.

XS
SM
MD
LG