Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресей президенті Владимир Путин 2018 жылы наурызда өтетін президент сайлауында басты кандидат болады деген пікір білдірді. Назарбаев бұл жайында қазақстандық БАҚ өкілдерімен өткен жабық кездесуінде айтты.
- Владимир Путин президенттікке ұсынылды, оған әрқашан сәттілік тілеймін. Меніңше, ол - осы сайлаудағы фаворит. Ресей Еуропа елдері мен АҚШ-тың қысымына ұшыраған мұндай қиын кезеңде Путин мемлекет қайраткері ретінде бұған төзеді және халықты алға бастай алады, - деді Назарбаев.
Қазақсан президенті сонымен қатар Қазақстан мен Ресей арасындағы "қазіргідей қарым-қатынасты сақтау керегін" айтты.
Владимир Путин Ресей президенті сайлауына төртінші мәрте түсейін деп отыр. 2008-2012 жылдары премьер-министр болған кезін қоса есептегенде, Путиннің билікте отырғанына 18 жыл толды. Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанды басқарып келе жатқанына 28 жыл болды.