Астанада азаматтық белсенді Қайырлы Омарға қарсы іс тоқтатылды деп хабарлайды Азаттық тілшісі. Белсендіні «жала жапты және абыройы мен қадыр-қасиетіме тіл тигізді» деп сотқа берген «Тұрмыс» компаниясы заң бөлімінің жетекшісі Сұлушаш Мықтыбаева Сарыарқа аудандық 2-сотына шағымын қайтарып алу туралы арыз жазған.
- Ол тіл тигізді деп айыптаған шағымынан, кейін жала жапты деп айыптаған шағымынан бас тартатыны туралы арыз жазды. Біз сотта оның уәждерін жоққа шығардық. Ол айыптауына мүлдем негіз жоғын түсініп, кейін бас тартты, - деді Қайырлы Омардың адвокаты Фатима Берсанова.
Мықтыбаева бұған дейін шағымында Қайырлы Омарды өзге бір сот процесінде өзіне қатысты «жалған және абыройы мен қадыр-қасиетіне нұқсан келтіретін мәлімет таратты» деп айыптаған.
Қайырлы Омардың өзі Азаттық тілшісіне өзіне қарсы істі «саяси тапсырыс» деп атап, сотқа берген адамға «әлдебір құрылымдар қысым көрсетіп жатқанын» мәлімдеген.
Белсенді Қайырлы Омар қоғамдық қызметпен ғана айналыспайды, ол сонымен қатар «КСПК Азат шаңырағы» пәтер иелері кооперативінің жетекшісі. Бұл кооператив қарауына Астананың Қосшығұлұлы көшесіндегі №14 үй өткен. Бұл үйдің тұрғындары төрт жыл бұрын сот арқылы «Тұрмыс» компаниясының басқаруынан бас тартқан, бірақ компаниямен қарым-қатынасы соңына дейін реттелмей, дау сотта қаралған. Қайырлы Омар Сұлушаш Мықтыбаева сотқа берген арызында белсендіні басқа бір сот процесінде өзіне қатысты «жалған және абыройы мен қадыр-қасиетіне нұқсан келтіретін мәлімет таратты» деп көрсеткенін айтады.
Қайырлы Омар мен оның кейбір жақтастары билікті «жерді шетелдіктерге жалға беруге және сатуға қойылған мораторий талаптарын орындауға» шақырады. Олар үлескерлер құқығына және ауыл тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық жағдайына назар салу қажетін айтады. Биыл тамызда олар Қазақстанның жеті облысына «Шындық» деген атаумен экспедиция ұйымдастырып, кейін ауылды жердегі адамдардың жерге қатысты проблемаларын көтерген.