Accessibility links

Сирия оппозициясы Сочидегі кездесуден бас тартты


Гута провинциясында әуе шабуылынан соң бас сауғалап бара жатқан тұрғындар. Сирия, 3 желтоқсан 2017 жыл.
Гута провинциясында әуе шабуылынан соң бас сауғалап бара жатқан тұрғындар. Сирия, 3 желтоқсан 2017 жыл.

Сирия оппозициясы Ресей президенті Владимир Путин ұсынған «Сирия ұлттық диалогы конгресіне» қатысудан бас тартты деп хабарлайды Reuters агенттігі.

Reuters мәліметіне қарағанда, 40-қа жуық түрлі оппозициялық құрылым өкілдері бірлескен мәлімдеме қабылдаған. Құжатта олар Ресейді «сириялықтарға қарсы әскери қылмыс жасаған басқыншы мемлекет» деп атайды. Мәлімдемеде сонымен қатар Мәскеудің Сирияның қазіргі билігіне елдегі дағдарысты саяси жолмен реттеу үшін ешқандай қысым жасамағаны айтылады.

Биыл күзде Ресей, Түркия және Иран Сочиде «Сирия ұлттық диалогы конгресін» өткізуге келіскен. Конгресс 29-30 қаңтарда өтеді және оған оппозициялық түрлі топ өкілдері қатысады деп жоспарланған болатын. 33 ұйымға жиынға шақырту жолданған. Бірақ конгреске қатысатындардың түпкілікті тізімі әзірге келісілмеген.

Сирия үкіметі ол кезде конгресс сириялықтар арасындағы негізгі диалог болуы мүмкін екенін хабарлаған. Оппозиция өкілдері бұған жауабында Дамаск «өз халқын қырып жатқан кезінде» диалог туралы айтуға болмайтынын мәлімдеген.

АҚШ бастаған халықаралық коалиция 2014 жылдан бері радикалды исламшылармен соғыс жүргізіп келеді. Коалиция Сирияның демократиялық оппозициясын қолдайды. Ал Ресей Сирияда әскери кампаниясын 2015 жылы 30 қыркүйекте бастаған. Коалиция Мәскеуді Сирия президенті Башар Асадқа қолдау көрсетеді деп бірнеше рет айыптаған. Батыс елдері Асад билігін адам құқығын бұзып отыр деп біледі.

XS
SM
MD
LG